Қазақстанның барлық өңірінде полиция күшейтілген режимге көшірілді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«14 желтоқсаннан бастап ішкі істер органдарының жеке құрамы толық қызмет атқарудың күшейтілген нұсқасына көшті», – делінген хабарламада.
Тәуелсіздік күні қарсаңында құзырлы орган қоғамдық тәртіпті, азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кұзетті кұшейтпек. Әсіресе, мерекелік іс-шаралар өтетін жерлер мен азаматтар көп жиналатын орындар бақыллауға алынады. Ал мемлекеттік қорғауға жататын маңызды нысандарға полиция нарядтары қойылады.
Бұдан бөлек жедел басқару орталықтары бейнебақылау камералары арқылы қалалар мен елді-мекендердің көшелеріндегі тәртіпті жіті бақылап отырады.
«Ішкі істер министрлігі іс-шаралардың өткізілуі кезінде қоғамдық қауіпсіздіктің тиісті деңгейін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды», – деп хабарлайды баспасөз қызметі.