Белгород, Брянск және Курск облыстарында украиналық азаматтардың жер телімдерін өтемақысыз тәркілеу басталды деп хабарлайды Mash. Бұған дейін бұл телімдер аукционға шығарылып, сатылымнан түскен қаржы жер иелеріне берілетін. Енді украиналықтардың жер учаскелері сатылған жағдайда, одан түскен қаражат тікелей мемлекеттік бюджетке аударылады.
Мұндай шешімді жергілікті сот қабылдайды. Телеграм арналардың мәліметінше, қазіргі уақытта осындай кемінде 20 іс қаралып жатыр. Оның ішінде алтауы Курск облысында, он іс Белгород облысында, ал төртеуі Брянск облысында тіркелген. Мысалы, Курск облысының Беловский ауданындағы 1600 шаршы метрлік жер теліміне қатысты істі жергілікті әкімдік қозғаған. Бұл учаскенің иесі 77 жастағы украиналық Валерий Козлитин.
Ресей заңнамасына сәйкес, шекара маңындағы аймақтарда шетел азаматтарының жерге иелік етуіне тыйым салынған. Бұл норма Жер кодексінде бекітілген. Президенттің арнайы жарлығымен шекара маңындағы аумақтардың тізімі бекітіледі. 2020 жылы Владимир Путин Қырымның басым бөлігін «шекара маңындағы аймақ» деп жариялап, 25 муниципалитеттің 19-ында, оның ішінде Евпатория, Керчь, Ялта және Судакта шетелдіктердің жерге иелік етуіне шектеу енгізген.
Заңға сәйкес, шетелдік жер иелері телімдерін бір жыл ішінде сатуы керек. Егер олар бұл талапты орындамаса, жергілікті билік сот арқылы мәжбүрлі түрде жерді сатуға құқылы. Мұндай жағдайда жердің бағасы сот шешімімен белгіленеді, ал қаржы бұрынғы иесіне немесе мемлекетке аударылады.