Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтады деп хабарлайды Ақорда баспасөз қызметі.
Бұл – халқымыздың азаттық туралы арманы ақиқатқа айналып, елдік дәстүрлеріміз жаңғырған күн. Осы мерейлі мерекеде бәріміз бабалар аманатына әрдайым адал болудың және ұлт болашағына зор жауапкершілікпен қараудың мән-маңызын терең түсінеміз. Себебі тәу етер Тәуелсіздігіміз – баршаға ортақ құндылық әрі барлық игілігіміздің бастауында тұрған баға жетпес байлық. Тәуелсіздігімізден биік еш нәрсе жоқ. Оны көздің қарашығындай қорғау – әр азаматтың перзенттік парызы, – деді президент құттықтау сөзінде.
Президенттің сөзінше, Қазақстан болашаққа сенімді түрде қадам басып келеді.
Бүгінде Қазақстан халықаралық деңгейдегі абырой-беделі жоғары, стратегиялық бағдары айқын мемлекет ретінде болашаққа нық сеніммен қадам басып келеді.Мемлекетіміздің өркениетті елдер қатарынан көрінуі – баршамыздың ортақ міндетіміз. Тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматы елдің дамуына өз еңбегімен үлес қосып, еліміздің жарқын болашағын қалыптастыруы қажет.
Тәуелсіздік күніне арналған іс-шаралар легі Алматы қаласындағы Республика алаңында Тәуелсіздік монументіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталады. Сонымен қатар Kursiv LifeStyle тәуелсіздік күніне орай көруге тұрарлық фильмдер топтамасын ұсынған еді.