Жаңалықтар

Қазақстан неге КСРО-дан тәуелсіздік алған ең соңғы мемлекет болды?

Нұрсұлтан Назарбаев КСРО-ның тарқауын қаламаған ба? / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Беловеж келісімі КСРО-ны ақтық сапарға шығарып салу рәсімі болғаны анық. Бұл құжатқа 1991 жылы 8 желтоқсанда қол қойылды. Қазақстан болса, тәуелсіздігін 16 желтоқсанда ресми түрде жариялады. Десе де, ыдырау үдерісі бұдан ертерек басталды. Балтық жағалауы елдерінің алды – Эстония 1988 жылы-ақ егемендігін жария етті. Оның соңынан бірқатар елдер КСРО құрамынан шығу туралы мәселе көтерді. Әйтеуір, алып империяның күні батып бара жатқаны айқын еді.

Назарбаев неге асықпады?

Соңғы кездері ТМД аумағанда Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев КСРО-ның тарқауын қаламаған саясаткерлердің бірі ретінде айтылып жүр. Оған Одақтан бөлінуді қалаған кейбір елдер жайлы көпшілік алдында сөйлеген сөздері де анық мысал. Тіпті, оның КСРО билігінің құрылымында үлкен қызметті көздегені де сөз болады. 1990 жылы Ресейдің өзі егемендігін жария еткенде, Қазақстан Одақ туралы келісімге «адалдығынан» айнымады.

Дегенмен Назарбаевтың әккі әрі өте сақ саясаткер екені анық. Шалт қимылға бармай, әліптің артын баққаны байқалады. Одақ ыдыраған соң, қантөгіссіз келген тәуелсіздікті нығайтуға күш салғаны да жасырын емес. «Азат» партиясының төрағасы Сәбетқазы Ақатайдың Назарбаевпен кездесуінен кейін, «Абылай тірі екен!» деген таңданысы осы кезде айтылса керек. Өйткені ол кездері Назарбаев мүлде басқа адам еді. Оның үстіне, Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары Жоғары кеңестің – парламенттің ықпалы өте күшті болды.

Есенәлиев деген кім?

Егемендікті дереу жариялауды талап еткендердің бірі – КСРО тұсындағы Қазақстан сыртқы істер министрі, Қазақстан дипломатиясының аңызы Михаил Иванович Есәнәлиев болды. Бұл тұлға Ресейдің Саратов облысының тумасы. Сондықтан қазақшаға шорқақ. Өзінің мойындауынша, коммунист. Десе де, Қазақстанның тәуелсіздік жолындағы күресі үшін оған «ұлтшыл» айдары тағылып үлгерді. Бұл пікірмен ол келіспейтін. Өзін бойына «орыстардың еркін қимылдайтын мінезін, қазақтардың пәлсапаға бейімділігін» қоса жинаған адам ретінде суреттейді. Тәуелсіз Қазақстан тұсында да Қазақстан дипломатиясының қалыптасуына үлкен үлес қосты. СІМ-нің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі болып қызмет атқарды.

Мемлекеттілік мәселесі

КСРО ыдырар алдында да Қазақстанның аумақтық тұтастығына қатысты қатерлер аз болған жоқ. Ресейде алғаш реті өзге республикалардан жер даулай бастады. Айталық, 1988 жылы КСРО-ның Ғылым академиясының «Вопросы истории» атты журналында Ковлов деген профессордің бір мақаласы шықты. Автор КСРО-ның тарих институтында үлкен қызмет атқарған. Оның пікірінше, Советтік Қазақстанның «жері тым көп», 7-8 облысы «тарихи» тұрғыдан Ресейге тиесілі. «Қазақтардың ешқандай мемлекеттілігі болмаған, ол жерлерді Ленин беріп жіберген», – дегенге саятын пікір сол кезде таратыла бастады.

Ресейдің кейбір саясаткерлері, мемлекеттік думасының депутаттары Қазақстанның Солтүстік аймақтарына қатысты әлі де көз алартып жүргені жасырын емес. Бұл пікірдің негізі 1980-ші жылдардың соңында қаланғаны анық.

Азаттыққа ұмтылуға не түрткі болды?

Михаил Ивановичтің пікірінше, Мәскеу КСРО тарқамастан үш жыл бұрын қоғамдық пікірге осылай ши жүгіртіп, шекараны қайта қарау мәселесін көтерген. Бұған жауап ретінде Есенәлиев «Азат» партиясын құрды. Мақсаты – Қазақстанның аумақтық тұтастығын сақтап, тәуелсіздікке қол жеткізу.

«Біз републикамыздың президенті ғана емес, мемлекеттік рәміздері, өзінің армиясы, кедені, айқын шекарасы мен валютасы болуы керек деп талап қойдық», – дейді Есенәлиев 1992 жылы «Ковчег» басылымына берген сұхбатында.

Бүгін бұл мәселе табиғи жайт болып көрінгенмен, ол кезде «Азат» партиясы сол кездегі билік үшін радикалдар тобы болып есептелінген еді.
Қазақстан тәуелсіздік алған соң, «Азат» партиясы өз миссиясы орындалғанын алға тартып, өмір сүруін тоқтатты.

Ядролық сауда: кеше және бүгін

БҰҰ мінберіне шыққан алғашқы қазақ Михаил Ивановичтің бүгінгі геосаяси сілкіністерді күні бұрын болжай білгені де қайран қалдырады. Оның Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуға қатысты пікірі әлі де өзекті. Ол президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл пікіріне аса құлақ аспағанына өкінішін ұдайы айтып жүрді.

Оның пікірінше, АҚШ Украина, Беларусь және Қазақстанды «ядролық клубтан» ығыстырып шығарғанмен, Пәкістан, Үндістан, Израиль, Солтүстік Корея секілді жаңа мүшелерге түк істей алмаған. Қазақстан ядролық қаруын тым арзанға бұлдаған. Ядролық қарусыз ел мәртебесіне қарсы болмаса да, тағы да саудаласа түсуді талап еткен еді. Оның пайымы дұрыс болғанын қазіргі Украинаның басындағы қасірет анық көрсетіп отыр.

«Кепілдіктер қол қоюшылардың ұлттық мүдделеріне сай болып тұрғанға дейін ғана жарамды. Өкінішке қарай, олар (ұлттық мүдделер-ред) құбылып тұрады», – деп наразылығын білдірген еді Михаил Иванович.