Құрылғалы бері 9 мың теңге салық төлеген компания Қарағандыда жел станциясын салады
Қарағанды облысында 2025 жылы алғашқы жел станциясы салынады. Бұл туралы «Куда смотрит акимат» ютуб-арнасына Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары Азамат Тайжанов хабарлады.
Аймақта бұған дейін жұмыс істеп тұрған бес күн станциясы бар, енді оның қатарына екі жел станциясы қосылмақ.
«Осакаров ауданында қуаты 150 МВТ болатын жел электрстанциясының құрылысы бойынша жаңа жоба басталады. Құрылыс 2025 жылы аяқталуы керек. Пайдалануға берілгеннен кейін, қызмет көрсету үшін тағы 20 жұмыс орны ашылады. Алда Теміртауда қуаты 500 МВт және Қарқаралы ауданында қуаты 200 МВт болатын жел станцияларын салу жоспарда бар. Екі жоба да әзірленіп жатыр», – деді Азамат Тайжанов.
«Индустриальная Караганда» басылымының жазуынша, аймақтағы бірінші жел стансасын «Гиберборей» компаниясы салады. «Гиберборей БЕТ» компаниясы 2022 жылы тіркелген. Мемлекеттік кіріс комитетінің сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, сол уақыттан бері 2 жыл ішінде компания 9010 теңге ғана салық төлеген. Компания жетекшісі – Қарабеков Дінмұхамед. Қарабековке дейінгі жетекшісі Дмитрий Зайцев болған, қазір «Солнечная система» ЖШС директоры. Бұл кәсіпорын 2019 жылы тіркелген және сол уақыттан бері бюджетке 497 млн теңге салық төлеген. Орта есеппен жылына қазынаға 82 млн теңге аударып отырған.
Тайжанов Теміртау және Қарқаралыдағы станциялардың инвесторы ретінде қытайлық China Power-ді атады. Былтыр China Power International Holding Жамбыл облысында жел стансасы салыну жоспарланып отыр деген ақпарат тараған еді.