S&P 500 индексі 7 400 деңгейіне дейін өсуі мүмкін, қаңтарда ФРЖ мөлшерлемені төмендетуді тоқтатады, Arm мен Qualcomm арасында сот процесі басталды
Уолл-стрит сарапшыларының пікірінше, 18 желтоқсанда ФРЖ мөлшерлемені 0,25%-ға төмендетеді, бірақ қаңтарда үзіліс жасайды. Evercore ISI 2025 жылы S&P 500 индексі шамамен 23%-ға өседі деп күтіп отыр. Arm мен Qualcomm арасында сот процесі басталды. Бұл жасанды интеллектіге негізделген дербес компьютерлердің дамуына кері әсерін тигізуі мүмкін. 16 желтоқсандағы әлемдік БАҚ шолуына зер салыңыз.
АҚШ-та өнеркәсіп өндірісі соңғы үш жылдағы ең жылдам қарқынмен өсіп келеді
S&P Global деректері бойынша, төртінші тоқсанда өндіріс көлемі соңғы үш жылдағы ең жоғары деңгейге жетеді. Бұған қызмет көрсету және өндіріс секторларындағы белсенділікті көрсететін PMI индексі дәлел. Желтоқсанда индекс 56,6-ға жетіп, тамыздағы 54,9-дан біршама көтерілді. Экономистер индекс 55,1-ге дейін өсетінін күткен еді деп жазды YahooFinance. Қызмет көрсету секторында индекс 58,5 мәніне жетіп, соңғы 38 айдағы ең жоғары көрсеткішке қол жеткізді.
S&P Global Market Intelligence бас экономисі Крис Уильямсон АҚШ экономикасы 2021 жылы COVID карантині жойылғаннан бері ең жоғары өсу қарқынына шыққанын және 2024 жылдың қорытындысы бойынша 3%-дық көрсеткішке жететінін айтты. Бұл басқа болжамдармен сәйкес келеді әрі 2025 жылы америкалық қор нарығының өсетінін білдіреді.
Алайда Уильямсон АҚШ экономикасының өсуі негізінен қызмет көрсету секторының белсенділігіне байланысты екенін, ал өңдеу өнеркәсібінің көрсеткіші керісінше төмендеп жатқанын ескертті. «Дональд Трамптың сайлаудағы жеңісінен кейін өңдеу секторының көңіл-күйі жақсарды. Бірақ «сауда соғысының» қаупіне байланысты импорттық материалдардың қымбаттауына алаңдаушылық жағдайды қиындатты», – деді ол.
Goldman Sachs: қаңтарда ФРЖ мөлшерлемені төмендетуді тоқтатады
АҚШ экономикасының өсу қарқыны ФРЖ-ге мөлшерлемені төмендету циклін «кідіртуге» мүмкіндік беріп отыр. Оның үстіне Трамптың экономикалық жоспары инфляцияның өсуіне әкелуі мүмкін тәуекелдерді қамтиды.
Goldman Sachs экономистерінің пікірінше, 18 желтоқсан күні ФРЖ мөлшерлемені 0,25%-ға төмендетеді. Бірақ қаңтарда одан бас тартады деп жазды Bloomberg. Олардың болжамы бойынша, 2024 жылдың соңында жұмыссыздық деңгейі ФРЖ-нің ресми болжамынан төмен болады. Ал инфляция мақсатты деңгейден жоғары сақталады. Бұл жағдай үзіліс жасауға мүмкіндік береді. Goldman келесі жылы наурыз, маусым және қыркүйек айларында мөлшерлеме төмендейді деп күтіп отыр – жалпы 3,5%-3,75% деңгейіне дейін.
CME-нің FedWatch құралы бойынша, трейдерлер де ФРЖ 18 желтоқсан күні мөлшерлемені ширек пунктке төмендетеді және қаңтарда оны өзгертпейді деп сенеді.
S&P 500 индексі 7 400 деңгейіне дейін өсуі мүмкін
Уолл-стритте 2025 жылға арналған S&P 500 индексі бойынша болжамдар жарияланып жатыр. Бұған дейін ең оптимистік болжамдар UBS пен Yardeni Research стратегтеріне тиесілі еді (қараша айының соңындағы деңгеймен салыстырғанда 2025 жылдың қорытындысы бойынша 16%-ға өседі деді). Алайда бұл болжамдарды Evercore ISI мамандары жаңартты. Олар Трамптың протекционистік саясаты келесі жылы америкалық қор нарығының 23%-ға (ағымдағы деңгейден) өсуіне әкеледі деп сенеді. Базалық сценарий бойынша, өсу көрсеткіші 12% болады.
Бұл көрсеткіш Уолл-стриттегі жетекші стратегтердің орташа болжамынан жоғары – 6 630 деңгейінде және шамамен 10%-дық өсімді білдіреді. Трамптың экономикалық бағдарламасынан (иммиграциялық заңнаманы қатаңдату және импорттық баж салығын арттыру) туындаған тұрақсыздық тәуекелдеріне және бірқатар акциялардың жоғары бағалануына қарамастан, Evercore ISI үшінші жыл қатарынан «бұқа нарығының» сақталуын күтеді.
CNBC-нің мәліметінше, егер АҚШ-та инфляция тұрақты түрде жоғары болып, экономикадағы қиындықтар стагфляцияға әкелсе, негативті сценарийде S&P 500 индексі 5 200 деңгейіне дейін төмендеуі мүмкін.
Arm мен Qualcomm арасында сот процесі басталды
Кеше Делавэр штатының сотында Arm компаниясының Qualcomm-қа қарсы сот процесі басталды. Бұл дау жасанды интеллектіге негізделген дербес компьютерлердің дамуына кері әсерін тигізуі мүмкін. Қақтығыс бірнеше жыл бұрын Qualcomm-ның 1,4 млрд доллар Nuvia стартапын сатып алуынан басталды. Nuvia компаниясын бұрынғы Apple инженерлері негізін қалаған.
Бастапқыда Nuvia серверлерге арналған жеке процессорлық ядроларды әзірлеп, Arm компаниясынан тиісті лицензия алған болатын. Стартапты сатып алғаннан кейін Qualcomm бұл ядроларды Snapdragon X Elite және Snapdragon X Plus сияқты дербес компьютерлерге арналған процессорларда, болашақта смартфондарда қолдануды жоспарлады.
2022 жылы Arm сотқа жүгінді. Себебі Qualcomm лицензиялардың күшін жойғаннан кейін де Arm технологияларын қолдануды жалғастырды. Талап иесі 2024 жылдың басында шығарылған барлық жасанды интеллекті бар дербес компьютерлерді физикалық түрде жоюды талап етті.
Бұл кезде Microsoft осы процессорлар Windows операциялық жүйесінің жоғалған позицияларын қалпына келтіруге көмектеседі деп күткен болатын. Ал Qualcomm сотта Arm-ды нарыққа негізсіз қысым көрсетіп отыр деп айыптады.