Банк пен қаржы

2025 жылы доллар бағамы, базалық мөлшерлеме мен инфляция қандай болмақ?

Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының (ҚҚҚ) сарапшылары биылғы негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерді талдап, 2025 жылы теңге бағамы мен инфляция, базалық мөлшерлемеге қатысты болжамын жариялады.

Қазақстан экономикасының өсімі мұнай бағасына тәуелді

2024 жылы мұнайдың арзандауы ел экономикасының өсу қарқынын 5,1%-дан (2023 жыл) және жоспарлы 6%-дан да төмендетуі мүмкін. Дегенмен сарапшылар сауда, байланыс, көлік, құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларының дамуы есебінен ЖІӨ өсімі 4%-дан асады деп күтеді. Соңғы ресми дерек бойынша, қаңтар-қыркүйек айларында экономиканың өсімі 4,1%-ды құраған.

2025 жылы мұнай өндірісінің артуы (97,2 млн тонна), ірі инфрақұрылым жобалардың іске асуы және мемлекеттік бюджет шығындары (₸33,5 трлн) экономиканың өсуіне оң ықпал етеді. Экономистердің болжамынша, ЖІӨ өсімі 4,4%-ды құрайды.

Сарапшылар Қазақстан экономикасына мұнай бағасының арзандауы, АҚШ-та тақтатас мұнай өндірісінің артуы қысым тудыратынын жазады. Бұл сауда балансы, Ұлттық қорға түсетін қаржы, теңге бағамы және инфляцияға кері әсер етеді.

Теңге тағы құнсыздана ма?

ҚҚҚ сарапшыларының есептеуінше биыл теңге жалпы 10%-ға құнсызданған. Оған себеп – ішкі нарықтағы шетел валютасына деген сұраныстың жоғары болуы. Ал нарықта сұранысты жабатындай валюта болмады.

Ал 2025 жылы сарапшылар доллар бағамы 545,2 теңгеге жетеді деген болжам жасайды. Ұлттық валютаның әлсіреуіне ОПЕК+ елдерінің мұнай өндірісін қысқаруы, Қытай мен Еуропадағы экономикалық өсімнің баяулауы, импорттың артуы, геосаяси ахуалдың күрделенуі және инвесторлардың тәуекелді активтерден қашуы сияқты факторлар әсер етуі ықтимал.

Инфляция және базалық мөлшерлеме жоғары болмақ

Қаржыгерлер қауымдастығының болжамы бойынша инфляция деңгейі 9%-ға жуық болуы мүмкін. Егер желтоқсан айындағы тұтыну бағаларының индексі 0,9%-ды құраса, жылдық инфляция 8,7% деңгейінде болмақ.

2025 жылы инфляция 9,5%-ға дейін өсуі ықтимал. Инфляцияны 5%-дан төмен деңгейде ұстап тұруға теңгенің әлсіреуі, мемлекеттік шығындардың өсуі кедергі болады Одан бөлек, ақылы қызметтер секторындағы реформалар және экономиканыңтүйкілдері (еңбек өнімділігінің төмендігі, өндірістік шығындардың жоғары болуы, нарықтың тарлығы) өз әсерін тигізбек.

Сарапшылардың пікірінше, инфляция жоғары болып тұрған кезде Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетпейді. 2025 жылдың аяғында негізгі көрсеткіш 14,25% деңгейінде сақталуы мүмкін.

Бизнеске несие беру баяулайды

Инфляция мен базалық мөлшерлеменің жоғары болуы кәсіпкерлерге жаңа несие беру қарқынын баяулатуы мүмкін. Биыл бұл сектордың өсімі ірі бизнестің несиеге деген сұранысының артуына байланысты болды. Алайда Ұлттық банктің ақша-несие саясаты несие арзандайды деген үмітті ақтамауы мүмкін.

Халыққа берілетін несиенің артуына жалпы қарыздың төмендігі, банктер арасындағы бәсеке, бөліп төлеудің танымалдылығы және жалақының артуы ықпал етпек. Бұл факторлар тауар мен қызметтер қымбаттауының теріс әсерін біршама азайтады.

Әлемдік экономикаға қатысты болжам қандай?

Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша, 2024–2025 жылы жаһандық экономиканың өсім қарқыны 3,2–3,3% деңгейінде тұрақталады. Бұл әлемдік экономикадағы үш жылдық құлдырау трендінің аяқталғанын білдіреді.

АҚШ пен Еуропадағы инфляцияның 2%-ға дейін төмендеуі – осы елдерде негізі мөлшерлеменің азаюына жағдай жасайды. Сонымен қатар, Қытай бюджет шығынын арттыру және монетарлық саясатты жұмсарту арқылы жаһандық экономикалық белсенділікті қолдайды.