Ақша үнемдеу мен жинаудың жолдары: ең пайдалы кеңестер

Жарияланды
Бай болудың жолдары / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ақшаны қалай үнемдеу керек? Бұл сұрақ қашан да өзекті. Сарапшылар «қаржыны үнемдеуді емес, көбірек табуды ойлау керек» екенін айтады. Бірақ бай болу үшін инвестиция жасауға дайын, артық капитал жинақтау маңызды. Француз философы, жазушы Мишель де Монтень «Ақша тапқаннан көрі оны жинаған қиын» деген еді. Бұл ретте Kursiv.Media тілшісі сізге қаржы  үнемдеудің 30 әдісін ұсынады. Тамақ, коммуналдық төлемдер, сауда және демалыс… Егер сіз кем дегенде бірнеше нұсқаулықты орындасаңыз, айдың соңына қарай картаңызда немесе әмияныңызда бұрыннан көп ақша қалатынына кепілдік береміз.

Жалақыңыз аз болса ақшаны қалай үнемдеу керек?

Капитал жинақтаудың негізгі ережесі – артық ақшаның болуы. Егер ай сайынғы шығыс пен табыс тең болса, онда ақша үнемдеу мүмкін емес. Тиісінше, не кірісті көбейту керек, не шығыстарды азайту керек. Әдетте екіншісін жасау оңайырақ, өйткені ай сайынғы шығыстардың бір бөлігін шектеуге болады.

Мұндайда қаржы сарапшыларының айтуынша, бірінші кезекте ай сайынғы ең маңызды шығындардың сомасын анықтау керек. Мысалы, ипотека бойынша төлем, оған қоса азық-түлік шығындары мен тұрғын үй-коммуналдық қызмет ақысы, жанармай немесе қоғамдық көлікке жұмсалатын қаржы, тұтынушылық несиелер бойынша төлемдер (бар болса) және тағы басқасы.

Егер осының бәрін қосқандағы сома шамамен сіздің айлық кірісіңізге тең болса, онда мұны мұқият қайта талдау керек. Бәлкім, мейрамханаларға бару немесе үйге тамақ тапсырыс беруді, үйде тамақ дайындауға алмастыру керек болар.

Статистикаға сүйенсек, көпшілік ай сайынғы табысының кемінде 10-15%-ына аса қажет емес заттарды несиеге алады екен. Егер мұқият талдаудың нәтижелері бойынша барлық шығын, шынымен де, ең қажет әрі маңызды дүниелерге бағытталатыны белгілі болса, онда табысты арттыру туралы ойлану керек.

Бюджетті жоспарлау – 50/20/30 ережесі

Экономистер ұсынатын салық төлегеннен кейін, таза жалақыны үш бөлікке бөлу: 50-20-30 ережесін ұстанып көріңіз. Мұнда қажеттіліктер үшін 50%, соның ішінде тұрғын үй жалдау ақысы, ипотека, азық-түлік, шоттар, ең төменгі қарыз төлемдері және басқа да маңызды нәрселер бар. Жинақ және инвестиция сияқты қаржылық мақсаттарға айлықтың 20%-ын қалдыру, ал қалған 30%-ын жеке қалауыңызға жұмсау маңызды.

Отбасылық бюджетті жоспарлаудың тағы бір жолы – «аралас» әдіс. Оған сәйкес отбасы табысының бір бөлігі жалпы жинақтарға бағытталады, ал 25%-ын қажеттіліктеріне жұмсалады, қалған бөлігін әркім өз қалауы бойынша пайдаланады. Тағы бірі «бөлек» әдіс. Отбасында әркім өз ақшасын өзі басқарады, ал жалпы шығындар екіге бөлінеді. Соңғы әдіс «ортақ» – барлық табыс ерлі-зайыптылардың бірінің шотына жинақталады. Олар ортақ мақсаттар қойып, соған жету үшін қаржылық жоспар құрады. Мұнда да жалпы табыстың бір бөлігі міндетті шығындарға (коммуналдық төлем, мектеп, балабақша т.б.) жұмсалады. Ал қалғаны негізгі ортақ мақсатты іске асыруға жинақталады.

Психологтар ақша жинап, отбасылық бюджетті басқарудың барлығына ортақ, ең тиімді әдісінің болмайтынын айтады. Себебі бір отбасының несиесі табысының 50%-ына тең болса, оған қалған бөлігін инвестицияла деп айту қисынға келмейді. Сондықтан әр адам өзіне ыңғайлы, тиімді жолын таңдайды.

Аз ғана жалақыны қалай үнемдеуге болады

Қытай ойшылы Конфуций «Тапқанынан аз жұмсайтын адам қазірдің өзінде бай» деген сөзі бар. Ендеше аз жалақы ақша жинауға кедергі емес. Бұған қатысты сарапшылар мынадай кеңесі ұсынады:

  • Шығындарыңызды жоспарлаңыз. Жоспарланбаған шығындарды болдырмас үшін сатып алатын заттар тізімін жасаңыз және бір айға қаражат бөліңіз.
  • Ысыраптан аулақ болыңыз. Үйде тамақ дайындаңыз, кафелерге баруды шектеңіз және ойын-сауық шығындарын азайтыңыз.
  • Мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін пайдаланыңыз. Отбасылық бюджетті үнемдеу үшін алуға болатын жеңілдіктер мен субсидиялар туралы біліңіз.
  • Табысыңыз төмен болса ақша үнемдеу үшін темірдей тәртіп керек. Бұл ақшаңызды дұрыс басқаруға көмектеседі.

Ақшаны жұмсап жүріп те үнемдеуге болады

Шығын шығарып жүріп те үнемдеудің жолдары бар. Мысалы:

  • кэшбэк пен бонустар. Сауда жасап, ақша жұмсап жүріп, жұмсалған қаржының бір бөлігін қайтарып алуға мүмкіндік беретін карталарды пайдаланыңыз.
  • жарнамалық промо-кодтар мен купондар. Сауда жасардың алдында өнімнің өзіндік құнын төмендетуге көмектесетін жеңілдік кодтарын іздеңіз. Промо-код – көрмелерде және басқа да іс-шараларда өнімді шығаратын компания өкілдерінен алуға болатын бірегей код.
  • дүкендердің ақпараттық хабарламаларына жазылыңыз. Сонда жеңілдіктер мен акциялар туралы бірінші болып біліп отырасыз.

Азық-түлікке ақшаны қалай үнемдеуге болады

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, қазақстандықтар табысының тең жартысын азық-түлікке жұмсайды. Бұл ретте осы санаттағы тауарлар бағасы жылдан- жылға қымбаттап жатыр. Бұған доллар бағамының динамикасынан соң басталған қымбатшылықты тағы қосыңыз. Мұндай кезде шығындарды қалай азайтуға болады:

  • Тізім жасау және тек сол бойынша тамақ сатып алу. Қажетсіз заттар алып, артық сауда жасап қоймас үшін дүкенге тек нақты жоспармен ғана барған жөн.
  • Көтерме ұсыныстарды таңдаңыз. Жарма, макарон және басқа да тез бұзылмайтын тауарларды көптеп сатып алуға болады. Бұл бөлшек саудаға қарағанда тиімдірек.
  • Дүкенге барарда үйден тамақтанып шығыңыз. Ғалымдардың зерттеуі бойынша, қарны ашып тұрған адам тоқ адамға қарағанда көбірек зат сатып алуға тырысады екен.
  • Маусымға назар аударыңыз. Тағамды маусымға сәйкес дайындауға тырысыңыз – қыста жаңа піскен қызанақ пен қияр сатып алу тиімсіз, бірақ орамжапырақ пен сәбізді тиімді бағамен алып, дәмді тамақ әзірлеуге болады.
  • Отандық тауарлар шетелдік тауарларға қарағанда әлдеқайда арзан. Жуылмаған көкөністерді сатып алуға да болады, олар арзанырақ және ұзақ сақталады.

Алайда ақша аяуға болмайтын тауарлар тізімі бар

Шығындарды азайту ақылға қонымды болуы керек. Егер сіз ақша үнемдегіңіз келіп, сапасыз тауарларды немесе арзан жартылай фабрикаттарды сатып алсаңыз, онда сіз гастроэнтерологқа, эндокринологқа және дәрі-дәрмектерге көбірек ақша жұмсауыңыз мүмкін. Сондықтан тұтынушылық себетіңіз әртүрлі болуы керек.

Ал егер дұрыс тамақтану жолдарын білмей жүрсеңіз, жақсы жаңалық бөлісеміз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы кез келген адамның рационына келесі тағамдарды қосуды ұсынады:

Бірінші, жемістер, көкөністер, бұршақ дақылдары (мысалы, жасымық, бұршақ), жаңғақтар және түрлі дәндер. Картопты және басқа крахмалды қоспағанда, күніне кемінде 400 грмм жеміс пен көкөніс жеу керек.

Екінші, тәттілер жалпы тамақ рационының 10%-ын ғана құрауы керек. Бұл салмағы қалыпты адамға 50 г немесе 10 шақты кішкентай қасыққа тең. Тәттілер сөзінің астарында – өндіруші, аспаз немесе тұтынушы тамақ өнімдеріне немесе сусындарға қосатын барлық қанттар бар. Сондай-ақ оның қатарында бал, сироптар, жеміс шырындарында және олардың концентраттарында табиғи түрде болатын қанттарды да қосуға болады.

Үшінші, майлар жалпы тұтынылатын энергияның 30%-ын құрауы керек. Қанықпаған майларға басымдық беру керек. Олар балық, авокадо және жаңғақтарда, сондай-ақ күнбағыс, соя, рапс және зәйтүн майында кездеседі.

Төртінші, тұзды тұтынуға болады, бірақ күніне шамамен бір шай қасықтан аспағаны жөн. Тұз йодталған болуы шарт. Сіз бұл өнімдерге ақшаны мүлде үнемдемеуіңіз керек.

Киім алуды шектеу керек пе?

Киімге ақша үнемдеп, шығыннан бас тарту сападан бас тарту деген сөз емес. Тек мына кеңестерді ескеру керек:

  • Маусым кезінде емес, маусым аяқталған тұста киім сатып алыңыз. Жазда қыстық киімді, ал күзде жазғы киімге басымдық берген абзал. Бұл жеңілдіктер кезеңінде тиімді сауда жасап қалуға мүмкіндік береді.
  • Әмбебап заттарды таңдаңыз. Классика сән трендтерінен ұзағырақ өзекті болып қала беретінін естен шығармаңыз. Бұлған қоса базалық киім үлгілеріне басымдық беріңіз.
  • Жеңілдіктер мен жаппай сатылымдарды пайдаланыңыз.
  • Сапалы киім сатып алуға тырысыңыз. Себебі олардың ғұмыры ұзақ, жылда жаңартудың керегі жоқ және жиі ауыстыруды қажет етпейді.
  • Секонд-хенд дүкендерін мұқият қарап шығыңыз, ол жерден тиімді бағамен бірегей заттарды табуға болады.
  • Киімдердің дизайнын өзгертіп, тағы бір мүмкіндік сыйлаңыз. Мұнай заттарды тастауға асықпаңыз.

Көлік шығынын қалай азайтуға болады?

Көлікке техникалық қызмет көрсету де ай сайынғы шығындардың қатарында бар. Шығындарды азайту үшін бірнеше кеңесті орындаңыз.

Ең маңыздысы – уақтылы техникалық тексеру жүргізіп отыру. Бұл көптеген келеңсіз жағдайлардың алдын алуға көмектеседі. Сонымен қатар жанармай үнемдеу керек. Ол үшін оңтайлы жылдамдық сақтап, шинаның қысымын бақылап отыру қажет.

Оған қоса, қала маңына қоғамдық көлікпен қатынаған дұрыс. Мәселен, қонаққа немесе демалысқа барарда жеке көлікті емес, арнайы жолақтармен жүретін автобус немесе одан да ыңғайлы метроға басымдық беріңіз. Ақша үнемдеудің тағы бір жолы – жұмысқа немесе дүкенге баратын кезде көршілермен бірігіп қатынау. Ірі қалаларда мұндай мысалдар көп. Көптеген компаниялардағы әріптестер, бір үйдің тұрғындары мессенджерлерде  «Жолсерік» деген чат ашып,  бірге қатынайды.

Пәтерді жөндеу кезінде артық шығынданбау жолдары

Пәтер жөндеу күрделі және қымбат жұмыстардың бірі. Кез келген адам мұндайда ақша үнемдегісі келеді, бірақ сапаға да мән беру керек. Арзан материалдар таңдап, түпнұсқа декорды көшірмелермен алмастырып, лайықты жиһазды тиімді бағада табуға тырысу керек. Жөндеу кезінде қандай заттарға ақша үнемдеуге болады, ал не істеуге болмайтынын анықтайық.

Үйдің дизайны мен интерьері қарапайым, бірақ сапалы жасалуы керек. Жөндеу жұмыстарының бюджеті шектеулі болса, бөлмеге бар жылтырақты жабыстырып, «хан сарайы» жасауға тырыспаңыз.

Көптеген дүкен көп зат алғандарға жақсы жеңілдіктер береді. Осы арқылы шамамен жөндеу жұмыстары бюджетінің 20%-дан астамын үнемдеуге болады.

Қаладағы ең арзан құрылыс заттарын сататын орындарды анықтаңыз. Әдетте базарларда арзан болды. Бірақ кейде қоймаларда арзан заттар да кездеседі. Жөндеуді әрине маман жасаған дұрыс-ақ, алайда уақытыңыз болса, интернеттен зерттеп, мұқият қарасаңыз, көп нәрсенің жасалу жолы тәпіштеліп, айтылады. Адам жасағанды адам жасайды. Мүмкін қолыңыздан келетін шығар. Есесіне айтарлықтай үнемдейсіз.

Тағы бірнеше пайдалы кеңес:

Бір өндірушінің материалдарын сатып алуға тырысыңыз. Мысалы: праймер, гипс, бояу. Бұл тамаша үйлесімділікке және жақсы нәтижелерге кепілдік береді. Әртүрлі брендтердің материалдарын пайдаланған кезде, химиялық реакциялар болып, қабырға немесе еденде дақтар пайда болуы мүмкін.

Бренд қумаңыз. Ең қымбат импорттық материалды сатып алудың қажеті жоқ. Қазіргі уақытта нарық жақсы сападағы және қолайлы бағамен қазақстандық тауарлардың үлкен ассортиментін ұсынады.

Маусымдық баға ауытқуларын ескеріңіз. Қыста материалдардың құны дәстүрлі түрде төмендейді. Жылдың осы мезгілінде адамдар күрделі жөндеу жұмыстарын сирек жасайды. Ал сіз керісінше осы арзан кезеңді пайдалансаңыз болады.

Үнемдеймін, шығысымнан кірісімді көбейтемін деген адам үшін оның жолдары, әдіс-тәсілдері жеткілікті. Ең бастысы мұқият болып, әр нәрсені қалтаңызға салмақ түсірмейтіндей алуды әдетке айналдырыңыз.

Еске сала кетсек, 2024 жылғы маусымда инфляция 8,4%-ға жетіп, шілдеде баға динамикасы 8,6%-ға дейін жеделдеді. Ал қазанда 8,3%-ға дейін төмендеп, қарашада доллар бағамының құбылуымен қатар күшейе түсті.

Сондай-ақ оқыңыз