Трамп Украина бойынша келіссөздер жүргізу процесінің «алға жылжығанын» мәлімдеді
АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Дональд Трамп Украина бойынша келіссөздер жүргізу процесінің «алға жылжығанын» мәлімдеді. Бұл туралы ол Флоридадағы кеңсесінде журналистерге ұйымдастырған баспасөз мәслихатында айтты.
Трамптың айтуынша, оның командасы Украинадағы қақтығысты аяқтауға күш салуда. Ол Киевтің бейбіт келісімге деген құлшынысы жоғары екенін атап өтіп, Украина президенті Владимир Зеленскийден келісім жасауға дайындалуын сұрады. Алайда Украинаның Ресей басып алған аумағын кері қайтару туралы сұраққа жауап бермеді.
«Соғыс тоқтауы керек. Осы іске күш салып жатырмыз. Ресей президенті Владимир Путинмен және Украина президенті Владимир Зеленскиймен және Украина өкілдерімен сөйлесетін боламыз. Соғысты тоқтатуымыз керек», – деді ол Флоридадағы Мар-а-Лаго кеңсесінде өткен баспасөз мәслихатында.
Трамптың айтуынша, Зеленский «бейбіт келісімге келуді» қалайды.
Politico басылымның жазуынша, АҚШ-тың жаңа сайланған президенті қазіргі президенті Джо Байден кеңсесінің Ресейге соққы беруге рұқсат беру туралы шешімін дұрыс емес деп санайтынын айтты және Зеленскийге соғысты аяқтау үшін келісім жасасуға дайындалуды ұсынды.
Бұған қоса, ол «Украина Ресейге өз аумағының бір бөлігін беруі керек пе» деген сұраққа «Ресей мен Украина басшыларымен алғашқы кездесуден кейін» нақты жауап беретінін айтты.
Желтоқсан айының басында Украина бейбіт келіссөздерге дайындалу үшін Трамп әкімшілігімен келісім жүргізіп жатқаны белгілі болған.