Жаңалықтар

17 желтоқсан – Демократиялық жаңару күні ұмытылып кеткен бе?

17 желтоқсан қандай күн? / фото: орталық мемлекеттік архив, коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

1986 жылғы 17-18 желтоқсан күндері Алматыда қазақ жастарының Мәскеудің сол кездегі шешіміне қарсы бас көтеруі Кеңес Одағы тарихындағы алғашқы ұлт-азаттық сипаттағы жаппай наразылықтардың бірі ретінде тарихқа енді.

1991 жылы 12 желтоқсанда Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев «1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы оқиғаларға қатысқаны үшін жауапкершілікке тартылған азаматтарды ақтау туралы» жарлыққа қол қойды. Осы жарлықпен Желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтарға құқықтық және саяси тұрғыда әділ баға берілді.

Осылайша Желтоқсан оқиғасы кезінде негізсіз қуғынға ұшырағандар толық ақталды, ал 17 желтoқсaн Қазақстанда Демократиялық жаңару күні деп жарияланды.

1986 жылы Алматы қаласында Қазақ КСР партия басшысы Дінмұхаммед Қонаевтың орнынан алынуы және оның орнына қазақ халқына беймәлім Геннадий Колбиннің тағайындалуы жастардың ашу-ызасын туғызды. Бұл шешімге наразылық білдірген мыңдаған жастар алаңға шығып, өздерінің ұлттық мүдделерін қорғау үшін жаппай бейбіт шеруге шықты.

Алайда Кеңес билігі жастардың бұл талабын күшпен басып-жаншыды. Мыңдаған жас қамауға алынып, оқудан, жұмыстан шығарылды, көптеген азаматтар түрлі азаптауларға ұшырады.

17 желтoқсaн – тек Демократиялық жаңару күні ғана емес, сонымен қатар Желтоқсан оқиғасы құрбандарын еске алу күні болып табылады.

Қазіргі кезде «Демократиялық жаңару күні» туралы ресми ақпарат жоқ. Көпшілік бұл күнді тек Желтоқсан оқиғасымен байланысты еске алады, ал «Демократиялық жаңару күні» деген атауы ұмытылып бара жатыр. Бүгінде «Демократиялық жаңару күні» ресми мереке күндері тізімінде бар-жоғын білу үшін KursivMedia Мәдениет және ақпарат министрлігіне ресми сауал жолдады.