14–16 желтоқсан аралығында Словенияның Терме Чатеж қаласында 14-18 жас аралығындағы жастар арасында рапид және блиц бойынша шахматтан әлем чемпионаты өтті.
Қазақстандық шахматшылар бұл жарыста керемет нәтиже көрсетіп, 10 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 2 алтын жүлдені Елназ Қалиахмет пен Даниял Сапенов алып келді.
Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов өз сөзінде:
«Бұл жыл шахмат жанкүйерлері үшін сәтті өтті. Біз рекордтық медаль санын жеңіп алдық, оның басым бөлігін жас шахматшыларымыз иеленді. Әлем чемпионаты біздің спортшыларымыз үшін тағы бір мақтаныш кезеңіне айналды. Барша шахматшыларды, олардың жаттықтырушыларын және ата-аналарын керемет жетістіктерімен құттықтаймын», – деді Турлов.
Чемпионатқа әлемнің 36 елінен 320-дан астам жас шахматшы қатысты. Олардың арасында 1 гроссмейстер (GM), 4 халықаралық шебер (IM), 1 әйелдер арасындағы халықаралық шебер (WIM), 37 ФИДЕ шебері (FM) және 15 әйелдер арасындағы ФИДЕ шебері (WFM) болды.
Қазақстаннан бұл жарысқа 16 шахматшы қатысты. Бұдан көп спортшы тек жарыс қожайындары – словениялықтар (115), хорваттар (33), поляктар (22) және словактардан (19) атынан өнер көрсетті.
Рапид жарысында шахматшылар 15+10 форматында швейцарлық жүйе бойынша 11 тур ойнады. Қазақстандықтар 3 күміс және 3 қола медаль еншіледі.
Қыздар (14 жасқа дейін):
- Күміс – Асия Асылхан
- Қола – Елназ Қалиахмет
Қыздар (16 жасқа дейін): Қола медальді Дениза Құрманалина алса, 18 жасқа дейінгі санатта күміс медальді Амина Қайырбекова еншіледі. Ал ұлдар арасында 16 жасқа дейін
Даниял Сапенов қола жүлдеге ие болды.
Блиц нәтижелері
Блиц турнирі швейцарлық жүйе бойынша 3+2 уақыт форматында өтті. Шахматшылар 22 партия ойнады. Қазақстандықтар 2 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль жеңіп алды.
Қыздар арасында Елназ Қалиахмет пен ұлдар арасында Даниял Сапенов алтын медаль алып жеңімпаз атанды.