Каспий теңізі жағалауында 2000 итбалық қырылған. Бірақ содан бері біраз уақыт өтсе де, Экология және табиғи ресурстар минрстрлігі су жануарларының нақты неден қырылып жатқанын анықтай алмаған.
«Экология департаменті сол жердегі судың, топырақтың, ауаның анализдерін алды. Бірақ талдау барысында ешқандай зиянды өзгеріс байқалмады. Бұл мәселені ветеринарлық мекемелер де тексеріп, талдау жүргізді. Оның нәтижесі келесі жылдың қаңтарында белгілі болады. Біздің көрсеткіштерімізде жануарларға қандай да бір қиянат келтіретін құрам анықталмады», – деді Эколгия және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.
Министр су жануарларынан ешқандай жұқпалы аурулардың да анықталмағанын атап өтті. Десе де, ведомство басшысы итбалықтардың өліміне техногендік сипаттағы табиғи апат себеп болуы мүмкін деген болжамды алға тартты. Яғни теңіз астында жер сілкінісі болып, улы газ бөлінген деген болжам бар. Бірақ оның анық-қанығы әлі белгісіз.
Kursiv.media журналисі итбалықтардың қырылуына көктем кезіндегі тасқында Каспийге құйылған лай судың әсері жайлы сұрады. Алайда Нысанбаев жолында талай бейіттер мен дәретханаларды, түрлі ауру орындарын шайып өткен тасқын судың құрамын «Қазгидрометтің» зерттегенін, ол жерден жануарларға қиянат келтіретін зиянды ештеңе анықталмағанын айтты.
«Каспий теңізінде «Қазгидрометтің» 12 гибробекеті жұмыс жасайды. Олардың мәліметі бойынша судың сапасында күрделі өзгеріс жоқ. Итбалықтардың нақты неден қырылғаны қаңтарда белгілі болады», – деді министр.
Еске сала кетсек, қазан айының аяғында Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында Каспий теңізінің жағасында Қызыл кітапқа енген 151 итбалықтың өлексесі табылғаны хабарланды.
Айта кетейік, Түпқараған ауданында көктем кезінде де 180-нен астам итбалық қырылған болатын. Алайда ол кезде де министрлік су жануарларының неден қырылғанын анықтай алмаған.