Боранды күні жолда қалып қойған жағдайда не істеу керек? ТЖМ түсіндірді
Қыс мезгілінде ауа райының қолайсыздығына байланысты алыс жолға шығып, жолда қалып қоятын жағдайлар жиі кездеседі. Осыған орай Төтенше жағдайлар министрлігі сақтық шараларын естен шығармау қажет екенін ескертеді.
ТЖМ төтенше жағдайлардың жою департаментінің бас маманы Бауыржан Ахметалин жолда қалып қойған жағдайда адамның аман қалуына көмектесетін бірнеше тәсілді айтты.
«Алыс жаққа жолға шыққан адамдар қарлы боранда қалып қойған болса, бірінші кезекте 101 немесе 112 нөміріне хабарласып, көмекке шақыруы керек. Көмекке шақырғанда барынша сабырлық сақтап, өзіңіз орналасқан жердің нақты геолокациясын айтуыңыз керек. Ал егер телефон байланысы болмаса, кез-келген көлікті тоқтатып көмек сұрау керек немесе жақын маңдағы жанармай құю бекеті, тамақтану орнына жетіп алып құтқару қызметіне хабарласу керек»,- дейді ТЖМ өкілі.
Сонымен бірге, жолға шығаhда міндетті түрде туысқандарды ескерткен дұрыс. Ал құтқару қызметі келгенше, жанармай таусылып қалмау үшін көлікті ара-тұра оталдырып, өшіріп отырған абзал.
ТЖМ өкілі осындай аяқасты оқиғалар кезінде аман қалуға қарапайым сіріңке мен балауыз шамның көмектесетінін айтады. Бір балауыз шам көліктегі жылуды 1-1,5 сағатқа дейін сақтап тұруға көмектеседі. Солайша, үсіп қалудың алдын алуға болады. Бұған қоса, құтқару қызметі келгенше, көлікті қардан тазалап тұрған дұрыс.
«Қарлы боранда жолда қалып қойсаңыз, көлігіңізді жиі-жиі қардан тазалап тұрыңыз. Себебі бұл құтқарушылардың көлікті тез аңғаруына көмектеседі. Сонымен бірге көлік қарға көміліп қалған болса, жол тазалайтын техника көлікті көрмей қалуы мүмкін. Бізде мұндай да жол-көлік оқиғалары жиі тіркеледі», – деді Ахметалин.
Ал қыста аңшылық пен балық аулауға шығатын адамдарға ТЖМ өкілі облыс орталығынан немес қандай да бір елдімекеннен алысқа кететін болса, міндетті түрде өзімен бірге белгі беретін ракетаны алып жүруді ұсынады. Өйткені бұл құрал алыс жерлерде қалып қойған жағдайда көмек шақыруға көмектеседі.