Шыршаны заңсыз кескендерге 3,7 млн теңгеге дейін айыппұл салынады. Алматы облысының әкімдігі Жаңа жыл қарсаңында ескерту жасады

Жарияланды
шыршаны
Шыршаны заңсыз кескендерге 3,7 млн теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Алматы облысында шыршаны заңсыз кескендерге 3,7 млн теңгеге дейін айыппұл салынады. Бұл туралы Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Жаңа жыл мерекесінің қарсаңында елімізде қылқан жапырақты ағаштарды (шырша, қарағай және басқалары) заңсыз кесу жағдайлары жиі кездеседі. Әсіресе, шыршалар дүкендерде және базарларда сатылатыны белгілі, бірақ оны заңсыз кесу – экологиялық қауіпті әрекет қана емес, сондай-ақ құқық бұзушылық болып саналады», – делінген әкімдік хабарламасында.

Әкімдік осы орайда орман қорына жататын ағаштарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау үшін қатаң жазалар қарастырылғанын ескертеді. Егер келтірілген залал 50 АЕК көлемінде болса, жеке тұлғаларға 369 200 теңге көлемінде айыппұл қарастырылған. Ал шағын кәсіпкерлік субъектілері немесе коммерциялық емес ұйымдар осындай құқық бұзушылық жасаса 1 107 600 теңге көлемінде, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 1 476 800 теңге көлемінде айыппұл салынады. Ал ірі кәсіпкерлікпен айналысатын заңды тұлғаларға салынатын айыппұл көлемі 3 692 000 теңгені құрайды.

Сонымен бірге бұл құқық бұзушылықтар салдарынан келтірілген шығын 50 АЕК-тен асып кетсе, бұл іс әкімшілік құқық бұзушылық ретінде емес, қылмыстық кодекс нормалары бойынша қарастырылады.

«Жаңа жылдық шырша мен қарағайды заңсыз кесудің салдары ауыр болатынын ескеріп, тұрғындар мен кәсіпкерлерді табиғатты қорғауға шақырамыз. Өйткені, орман байлығы – еліміздің теңдесі жоқ қазынасы, және оны сақтап қалу –  үлкен жауапкершілік», – деп ескертеді әкімдік.

Сондай-ақ оқыңыз