Жаңалықтар

1 қаңтардан бастап жылжымалы цирктер мен зоопарктердің қызметі тоқтайды

Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев үкімт отырысында мәлімдеді/фото: Kursiv.media мұрағаты

2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап жабайы аңдарды көрмеге шығаруға тыйым салынады. Бұл – аңдарды пайдаланып өнер көрсететін жылжымайтын цирктер ел аумағында жұмыс істемейді деген сөз.

Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Үкімет отырысында мәлімдеді.

«Жануарларға жауапты қарау туралы заңнамада жабайы аңдарды көрмеге қоюға, жылжымалы зоопарктер мен океанариумдерге және басқа да нәрселерге тыйым салатын норма бар. Бұл норма 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Сондықтан 1 қаңтардан бастап жылжымалы цирктер мен зоопарктердің қызметі аяқталады деп ойлаймын», – деді министр.

Жазда жануарларды қорғау ұйымдарының өкілдері қазақстандық бизнесмендерге аңдарды пайдаланып, пайда тауып жүргендермен ынтымақтастық жасамауға, жарнамаламауға шақырған болатын.

Жануарларды қорғаушылардың пікірінше, мұндай зоопарктерде аңдардың күтімі өте нашар. Көбі шыдамай өліп жатады екен.