«Каспий-мұнайға» 12 миллиард теңге айыппұл салдық – Экология министрі
Экология министрі Ерлан Нысанбаев Үкімет отырысынан кейінгі брифингте Каспийді былғаған мұнай өндіруші компанияларға миллиардтаған айыппұл салынғанын мәлімдеді. Мәселен, «Каспий-мұнай» акционерлік қоғамы 12 миллиард теңге айыппұл төлеген.
«Экологтардың есебінше, 2026 жылдарға қарай Каспийдің суы 18 метрге дейін тартылуы мүмкін. Соңғы жылдары 4 мыңға жуық итбалық қырылған. Оның себептері әлі анықталған жоқ. Министрлік Каспийді сақтау шараларын жасап жатыр? Қашағанды экологтар бақылап отыр. Мұнай компанияларын тек қана экологтар бақылай ма, әлде оған министрлік те ат салыса ма? Каспийді ластағаны үшін министрлік қандай компанияға айыппұл салды?», – деген сауал қойды журналистердің бірі министрге.
«Каспийдің тартылуы мен кен игерушілер мәселесі – екі басқа нәрсе. Каспий суының деңгейіне су ресурстарын пайдалану ықпал етеді. Қазақстан арқылы Орал өзені құяды. Содан кейін Еділ өзені бар. Орал өзеніне қатысты жұмыстар істеліп жатыр. Бірлескен комиссия да бар. Орал өзеніндегі жағдайды жақсарту шараларының құжаттары қабылданған», – деп жауап берді Ерлан Нысанбаев.
Министрдің айтуынша, экологиялық мәселелерді қарайтын комиссия да бар.
«Каспийдің тартылуы – ағын судың азаюының салдары. Шын мәнінде, судың кетуі тіркеліп отыр. Мен ауылшаруашылық және орман шаруашылығы институтына экологтармен бірлесе отырып, табаны көрініп қалған аймақтардағы ахуал бойынша алда қандай жағдай боларын анықтауға тапсырма бердім», – деді министр.
Ерлан Нысанбаев Каспий суына зиян келтірген мұнай компанияларының жазаға тартылып жатқанын да алға тартты.
«Кен игерушілерге келсек, жаза туралы бір нәрсені айта аламын. «Каспий-мұнайға» біз 12 миллиард айыппұл салдық. Бұл – бір ғана қарапайым мысал. Осы сияқты мысалдар аз емес», – деді министр.