Жаңалықтар

Қазақстан биыл мұнай өндіру жоспарын орындай алмады

Бұған кен орындарындағы жөндеу жұмыстары, жөндеу-профилактикалық жұмыстар және басқа да факторлар әсер еткен/Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Үкімет отырысында Қазақстанда мұнай өндіру қарқыны былтырғы жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 2%-ға бәсеңдегенін мәлімдеді. Бұған кен орындарындағы жөндеу жұмыстары, жөндеу-профилактикалық жұмыстар және басқа да факторлар әсер еткен. 2024 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстан 87,8 млн тонна мұнай өндіруі тиіс.

Сәтқалиевтің айтуынша, Қазақстан 2024 жылдың мұнай өндіру жоспарын қайта қарауы ықтимал. Осы кезеңде мұнай және конденсат өндіру көлемі 80,5 млн тонна болып отыр. Бұл – өткен жылғы көрсеткіштің 98%-ы. Ол кезде 82,2 млн тонна шикізат өндірілген-ді.

Министрдің баяндамасына қарағанда, биыл Теңізде – 25,9 млн тонна, Қашағанда – 15,8 млн тонна, Қарашығанақта 11,1 млн тонна мұнай шығарылған. Былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда, Теңіздегі өндіріс 2%-ға, Қашағанда – 7%-ға дейін төмендеген. Тек Қарашығанақта, 0,9%-ға өсім көрсетіп отыр.

Бұған ірі кен орындарындағы күрделі жөндеу жұмыстары әсер еткен. Теңізде мамыр және тамыз айларында Болашақ кеңейту жобасына байланысты жөндей жұмыстары жасалды. Бұл 50 күнге дейін созылған. Слаг-кэтчерді ауыстыру үшін Қашағанда өндіріс 21 күнге толық тоқтатылған.

Бұдан бөлек, Қарашығанақта да жоспарланбаған тоқтатулар болды. Оның үстіне, Орынбор газ өңдеу зауыты газ қабылдауды шектеген. Сонымен қатар КҚК-да жоспарлы-профилактикалық жұмыстар жүргізілген.

«Жоспарлы өндіру көрсеткішіне қол жеткізілмей отыр. Бұл мұнай экспортына әсер етті. Мәселен, есепті кезеңде 63,2 млн тонна мұнай экспортталды немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 98,3% (64,3 млн тонна)», – делінген баяндамада.

Сонымен бірге Қазақстан ОПЕК+елдерімен келісім бойынша мұнай өндіру көлемін азайту жөніндегі міндеттемелерді орындауы қажет.