Жаңалықтар

Қазақстан Жезқазған-Қарағанды жолын салуға АИИБ мен Дүниежүзілік Банктен 1,3 млрд доллар көлемінде қарыз алады

АИИБ «Қазақстан: Көлік тұрақтылығы мен байланысын арттыру» жобасы үшін 650 млн доллар көлемінде қаржыландыруды бекітіп отыр./Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі (АИИБ)  мен Дүниежүзілік Банк Орта дәліз – Транскаспий халықаралық көлік маршрутының Жезқазған-Қарағанды аумағын салуға 1,3 млрд доллар инвестициялайды. Бұл туралы Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің баспасөз қызметі хабарлады.

АИИБ «Қазақстан: Көлік тұрақтылығы мен байланысын арттыру» жобасы үшін 650 млн доллар көлемінде қаржыландыруды бекітіп отыр. Жобаның жалпы бюджеті – 1,53 млрд доллары. Оған Қарағанды-Жезқазған автожолының 498 шақырымдық аумағы кіреді.

Жобаның мақсаты – өңірлік байланыстарды жақсарту, климаттық тұрақтылықты нығайту. Бұл жол Азияны Еуропамен байланыстыратын Орталық Азияның негізгі сауда маршруттарының бірі болмақ. Қазіргі тас жол үшінші санатқа жатады. Оны шұғыл контитентті климатқа төзімді, қауіпсіз, екі жақты қозғалысы бар бірінші санаттағы жолға айналдыру көзделіп отыр. Сонымен қатар 40 шақырымдық жол қайта жаңарады. Бұл жол елдімекендерді жалғап, жергілікті тұрғындардың базарларға оңай барып келуге септігін тигізбек.

АИИБ-ның Өңірдің инвестициялық операциялары мен жобалық және корпоративтік қаржыландыру жөніндегі вице-президенті Константин Лимитовскийдің пікірінше, жоба көлік тиімділігін артырып, шығындарды азайтады. Қазақстанның транзиттік торап ретіндегі ұстанымын нығайтады.

Сонымен қатар Жезқазған-Қарағанды аумағында жарықдиодты жарық, зияткерлік көлік жүйелері, электромобильдерге арналған зарядтау станциялары орнатылмақ.

Ұлттық банктің мәліметінше, 2014 жылы құрылған АИИБ 105 мемлекеттің басын қосады. Ресей, Қытай және Үндістан басым дауысқа ие. АИИБ-тың негізгі мақсаты – Азия- Тынық мұхиты аймағындағы қаржылық ынтымақтастықты ынталандыру, Азиядағы инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру.

Қазақстан 2015 жылы АИИБ келісімін бекіткен. Ұлттық Банк – АИИБ-тағы Қазақстанның ұлттық валютасындағы қаражаттары мен өзге де активтерінің депозитарийі.