Жаңалықтар

Көліктердегі жүк көлемін есептеп отыратын стансалар көбейеді

жүк көліктері
Жүк көліктеріндегі жүктемені есептейтін стансалар көбейеді/Фото: коллаж KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстан жолдарындағы жүк көлемін есептеп отыратын автоматтандырылған өлшеу стансалары (АӨС) көбейеді. 2025 жылға дейін 220 станса орнату жоспарланған. Бұл туралы Primeminister.kz  сайтындағы есепте жазылған.

Қазір елімізде жүк тасымалдайтын 450 мыңнан аса жүк көлігі тіркелген. Бірақ олардың салмағы мен көлемі әдеттегі жеңіл автокөліктерге қарағанда ауыр, тиісінше жол сапасына теріс әсер етеді. Автожолдарға түсетін артық жүктемені азайтып, көлік жүйесін бақылау үшін АӨС жұмыс істейді.

Қазір елімізде 45 АӨС орнатылған. Біреуі Астанада, біреуі Қостанай облысында және 12-і Үлкен Алматы айналма жолдарында орналасқан. Тағы 25 стансасын «ҚазАвтожол» АҚ орнатқан. Енді олардың саны 220-ға дейін көбейеді.

«Олар тәулік бойы қызмет істеп, жүк көліктерінің салмағы мен өлшемін үздіксіз бақылап отырады. Соның арқасында көліктегі жүктің шамадан тыс артық болып кетуінің алдын алуға мүмкіндік бар», – деп жазылған сайт хабарламасында

Бұған дейін Көлік министрлігі ауыр жүк самосвалдары тасымалдау кезінде жол қозғалысы мен жүктерді тасымалдау ережелерін жиі бұзатыны жайлы мәлімедеген еді. Ал Жоғары аудиторлық палата төрағасы жүк көліктері жалпыға ортақ жолдармен жүруіне тыйым салуды ұсынған.

Еске салайық, жүк көліктері 25 тоннадан артық материалдарды тасымалдамауы керек.