Алматы қаласы Жаңа жылды қарсы алуға тыңғылықты дайындалуда. Осыған байланысты «Алматының 8 кереметі: отбасылық мереке — таңғажайып Жаңа жыл» тақырыбында мерекелік бағдарлама іске қосылады.
Қала ерекше сәнденбек. Тұрғындар ертегі кейіпкерлерінің мүсіндерін тамашалайды. Оған қоса сәулетті пішіндер көздің жауын алмақ. Көшелер мен даңғылдарда сәуле шашып тұратын бұйымдар ілінеді. Жиырмадан астам ғимарат ерекше безендіріледі. Астана алаңында Аяз атаға арналған алып киіз үй тігіледі.
Абай алаңында биіктігі 20 метрден асатын шырша орнатылады. Басқа көрнекі жерлерге еуропалық үлгідегі шыршалар қойылады. Бас шыршаның шамдарын жағуға арналған шара 20 желтоқсан күні сағат 19:00-де ұйымдастырылады. Соның құрметіне Тurar, Dakelot, Adill, Мәди Рымбаев, Диная, Astro тобы, Malika Yes, Балжан Бидаш, ALPHA тобы өнер көрсетеді.
«Жалпы биыл Алматы қаласында 80-нен астам шырша орнатылады. Әр шыршаны безендіру үшін 4-6 шақырым гирлянда пайдаланылады», – деп хабарлады Алматы әкімдігі. Жаңажылдық безендіруге бюджеттен 800 млн теңге жұмсалады.
Сонымен шаһар бойынша бірнеше салтанатты іс-шара ұйымдастырылады:
- 20 желтоқсан мен 5 қаңтар аралығына Абай мерекелік жәрмеңке өтеді.
- «Нұрлы Тау» бизнес-орталығының алдында 20 желтоқсанда жаңа жылдық жәрмеңке мен фуд-корт аймағы ашылады.
- 20-31 желтоқсан күндері сәнді шыршалар көрмесі ұйымдастырылады.
- 21 желтоқсаннан бастап қала циркі бір ай бойы шоу-бағдарлама ұсынады.