Сот грант ала алмаған абитуриенттердің талаптарын қанағаттандырмады
Астанада мектеп тәмамдаған Медина Майсар Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарсы сотқа арыз түсірген еді. Медина тестілеуден 119 балл жинаса да, ЖОО-ға түсе алмағанына наразы болған. Бірақ сот органы оның шағымын қанағаттандырмады.
Түлектің адвокаты Халида Әжіғұлова министрліктің төтенше жағдай кезінде басқа өңірлерге басымдық беруге құқығы жоқ деп санайды. Көктемде Қазақстанда облыстарда су тасқыны орын алды. Сол кезде Саясат Нұрбек су басқан аймақтағы түлектерге 20% квота бөлінетінін хабарлады. Бұл хабарға кейбір түлектердің көңілі толмады.
Әжіғұлова осыған байланысты нақты құжат жоқ екенін алға тартып, министрлік заң алдында жауап беруі керек деп мәлімдеген.
Дегенмен бұған дейін Мединаның өзі Алматыда грант иегері атанып, «құқық» мамандығы бойынша оқып жатқанын айтқан. Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты түлектің талап арызын қанағаттандырған жоқ.
Астана соты оның өзі талап еткен Нархоз университетінен грант берілгенін қаперге салды. Министрліктің «Төтенше жағдайдағы өңірлер үшін» квота бөлу туралы 2 тамызда шыққан бұйрығын заңды деп таныды.
«Даулы бұйрықпен талап қоюшының қандай да бір құқықтары бұзылған жоқ. Сот сұралып отырған грантты алған талап қоюшының іс-әрекетінде құқықты теріс пайдалану бар деп қарастырып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартты», – деп хабарлады әкімшілік соттың баспассөз қызметі.