Биыл 11 ай ішінде мемлекеттік бюджетке 19 трлн теңге түсті. Алайда қазына кірісі 2 трлн теңгеге азайып, Үкіметтің межелі жоспары орындалмады. Үкімет мүшелері премьер-министр Олжас Бектеновке қаржы түсімі мен бюджет шығындары бойынша есеп беріп, 11 айды қорытындылады.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың мәлімдеуінше, кіріс жоспары 90 %-ға орындалған. Республикалық бюджетке 14,5 трлн теңге түсуі керек болған, алайда бұл жоспар 82%-ға орындалып жалпы сомасы 11,8 трлн теңге түскен. Жоспардың орындалмауының негізгі себебі салықтар бойынша түсімдердің(жоспар – 14,3 трлн теңге, нақты – 10,8 трлн теңге, орындалмаған – 3,5 трлн теңге) жоспарлағаннан аз болуы.
Жоспардың орындалмау себебі неде?
Вице-министр бюджет кірістері бойынша жоспар орындалмауының негізгі себептерін атады:
- өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10 айда 3-елдерден импорт көлемінің 6,4%-ға немесе 2,3 млрд долларға азаюы;
- негізгі экспорттық металдарға бағаның төмендеуі болып отыр. Өз кезегінде 602 ірі салық төлеуші (1 327 республикалық бюджетке корпоративтік табыс салығын төлеушінің 45,4%-ы) бойынша аванстық төлемдер сомасы 27%-ға немесе 267 млрд теңгеге азайды.
Бюджет қаржысы қайда жұмсалды?
Ержан Біржановтың айтуынша, мемлекеттік бюджеттің шығыстары 94%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары – 96%-ға жергілікті бюджеттердің шығыстары 92%-ға атқарылған.
«Республикалық бюджет бойынша сомасы 20,8 трлн теңгеге шығыстар жүргізілді, мұнда әлеуметтік бағыттың басымдығы сақталып қалды»,- деді вице-министр.
Мемлекет негізгі әлеуметтік міндеттемелерге:
- зейнетақы мен жәрдемақыға – 5,2 трлн. теңге ;
- өңірлерге субвенцияларға – 4,8 трлн. теңге;
- міндетті медициналық сақтандыру қорына – 1,6 трлн. теңге жұмсаған.
Бұдан басқа, 6,9 трлн теңге бюджет қаражатына 1 460 аудиторлық тексеру жүргізілген. Нәтижесінде шамамен 271 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталған.