Жаңалықтар

Жапониялық чипмейкер Kioxia акциялары IPO-дан кейін бірден қымбаттады

Kioxia акциялары алғашқы саудасы әуелде шамамен 1%-ға төмендеумен басталды/ Фото: Reuters/Issei Kato

Әлемдегі ең ірі микросхемалар мен жад чиптерін өндіретін компаниялар санатындағы Kioxia-ның акциялары Токио қор биржасындағы алғашқы сауда күнінде күрт қымбаттады. IPO нәтижесінде компания 800 млн доллар қаражат тартып, инвесторлардың оң реакциясына ие болды. Сарапшылардың пікірінше, бұл 2018 жылдан бері бірнеше есе құлдыраған Kioxia-ның құнын қайта өсіруі мүмкін.

Kioxia акцияларының алғашқы саудасы әуелде шамамен 1%-ға төмендеумен басталды. Кейіннен бағалар күрт өсті деп хабарлады The Wall Street Journal. Компания сауда сессиясын 10%-дық өсіммен аяқтады. Бір акцияның бағасы 1 601 йенге (10,4 доллар) жетті.

Компания IPO нәтижесінде 120 млрд йеннен (800 млн доллар) астам қаражат жинады. Акциялар 1 455 йен (9,47 доллар) бағасымен сатылды, деп жазды CNBC. Kioxia бастапқыда 71,8 млн акция орналастыруды жоспарлаған еді. Кейіннен ұсыныс көлемін 10,79 млн акцияға арттырды. IPO кезінде жаңа акциялармен қатар, Kioxia-ның негізгі акционерлері – Bain Capital және Toshiba-ға тиесілі бағалы қағаздар да сатылды.

Kioxia биржаға ұзақ жыл бойы жүргізілген күрделі келіссөздерден кейін шыққанын еске сала кетейік. Бұл келіссөздерге Bain Capital, жад чиптерін өндірушілер және Жапония үкіметі қатысты. Bloomberg мәліметінше, биыл Жапонияда биржаға шыққан көптеген компания өз акцияларын орналастыруға дейінгі диапазоннан әлдеқайда жоғары бағамен сатқан.

«Компанияның қайта қалпына келуі мүмкін екені туралы үміт пен бағаның салыстырмалы түрде төмен болуы акциялар бағасының өсуіне жол ашты», – дейді сарапшы Сейитиро Ивамото.

Жапониядағы IPO-лар биыл 2018 жылдан бергі ең жоғарғы көрсеткіш көрсетті. 938 млрд йен (6,1 млрд доллар) көлемінде қаражат жинады. Бірақ оның 65%-ы тек үш ірі листингке тиесілі. Олар: Kioxia, Tokyo Metro (2,3 млрд доллар жинады әрі кейінгі алты жылдағы ең ірі IPO болды) және Rigaku (850 млн доллар). Алайда елдегі жалпы IPO саны кейінгі онжылдықтағы ең төменгі деңгейге түсті.

«Kioxia IPO-сы нарықты айтарлықтай жандандыра қоймас. Дегенмен, жалпы қолайсыз жағдайды ескерсек, акциялардың өсуі және IPO-ның орташа баға диапозонында сәтті өтуінің өзі жаман нәтиже емес», – дейді Asymmetric Advisors компаниясының жапон акциялары бойынша маманы Амир Анварзаде.

Инвесторлар Kioxia мен басқа да жад чиптерін өндірушілердің Microsoft, Amazon және басқа да технологиялық алпауыттардың деректер орталықтарын салуға жасаған миллиардтаған долларлық инвестицияларынан пайда таба ала ма? Олар қазір осыны мұқият қадағалауға көшті.