18 желтоқсанда Токио қор биржасында автокөлік өндіретін Nissan Motor компаниясының акциялары 24%-ға қымбаттады. Осылайша кейінгі 50 жылда бірінші рет ең үлкен өсімді тіркеді. Мұндай өсімге Nikkei басылымында жариялаған Nissan мен Honda-ның ортақ холдинг құруы мүмкін екені туралы жаңалық түрткі болды. Бұл келісімге Mitsubishi Motors компаниясы да қосылуы мүмкін. Сарапшылардың пікірінше, мұндай қадам компанияларға Tesla және Қытайдың электрмобиль өндірушілерімен бәсекелесуге жол ашады.
Толығырақ
18 желтоқсанда Nissan акцияларының құны 23,7%-ға өсіп, 21 қарашадан бергі ең жоғары деңгейге жетті деп хабарлады Bloomberg. CNBC-тің жазуынша, бұл – рекордтық өсім.
Сонымен қатар Mitsubishi Motors акциялары 19,7%-ға қымбаттап, 8 қарашадан бері ең жоғары деңгейге көтерілді. Бұл 2013 жылдан бергі ең үлкен өсім болып отыр.
Ал Honda Motor акциялары, керісінше 3%-ға арзандап, 2023 жылдың мамыр айынан бергі ең төменгі деңгейге түсті.
Nikkei Asia мәліметінше, Nissan мен Honda ортақ холдингтік компания құру туралы келіссөздер жүргізуді жоспарлап отыр. Тараптар жақында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қояды деп күтілуде. Сондай-ақ холдингке Mitsubishi компаниясы да қосылуы мүмкін. Себебі оның 24%-ы Nissan-ға тиесілі. Жаңа құрылымдағы компаниялардың үлесі мен келісімнің басқа да мән-жайы кейін талқыланатыны айтылған.
Nissan мен Honda компаниялары әртүрлі ынтымақтастық нұсқаларын қарастырып жатқанын, бірақ әлі шешім қабылданбағанын мәлімдеді. Bloomberg-тің хабарлауынша, Honda бірнеше сценарийді, соның ішінде бірігу, капиталды біріктіру немесе холдингтік компания құруды қарастырып жатыр.
Брендтердің бірігуі не бермек?
Nissan-Honda-Mitsubishi-дің бірігуі 2021 жылы Fiat Chrysler мен PSA Groupe компанияларының Stellantis құруынан кейінгі автокөлік саласындағы ең ірі бірігу болмақ деп жазды CNBC.
Honda мен Nissan ресурстарын біріктіріп, электрмобильдер нарығындағы Tesla және Қытай өндірушілерімен бәсекелестікті арттыруды көздеп отыр. Nikkei деректеріне сәйкес, біріктірілген компания жылына 8 млн-нан астам автокөлік сата алады. Бұл оны әлемдегі ең ірі автокөлік өндіруші топтардың қатарына қосады. Қазіргі уақытта бұл тізімде көшбасшы – Toyota. Компания 2023 жылы 11,2 млн автокөлік өндірген. Ал екінші орында 9,2 млн көлік сатқан Volkswagen тұр.
Сарапшылар пікірі
Frost & Sullivan сарапшысы Вивек Вайдья бірігу идеясы Nissan-ның әлсіз қаржылық жағдайымен байланысты болуы мүмкін екенін айтты. Қараша айында Nissan нәтижелердің төмендігі туралы есеп берген. 9 мың жұмыс орнын қысқартуды және өндіріс қуаттылығын 20%-ға азайтуды жоспарлап отырғанын мәлімдеген еді. Вайдьяның айтуынша, бірігу қадамы үш брендке де технологияларға қол жеткізуге, инновациялық тәуекелдерді азайтуға және ауқымды экономика құруға мүмкіндік береді.
Pelham Smithers Associates аға сарапшысы Джули Бут бірігуді Nissan-ның қаржылық және операциялық жағынан мықты серіктес табуының жақсы белгісі ретінде қарастыруға болатынын айтты.
Ал AutoForecast Solutions президенті Джо Маккейб Nissan-ға «Renault-мен қатынастағы қиындықтардан кейін жаңа серпін қажет» деп есептейді. Оның пікірінше, Nissan осы күнге дейін ешбір сегментте көшбасшылық орынды иеленбеген.
Bloomberg Intelligence аға сарапшысы Тацуо Йошида Honda үшін Nissan-мен бірігу қысқа мерзімде айтарлықтай пайда әкелмейді деп санайды.
Акцияларға қатысты кеңестер
FactSet деректеріне сүйенсек, Nissan акциялары бойынша консенсус-рейтинг – нейтралды. 17 сарапшының тоғызы акцияларды портфельде ұстауға (Hold), біреуі сатып алуға (Buy) кеңес берген. Ал алтауы сатқан (Underweight және Sell) дұрыс деп отыр.
Honda акцияларына сарапшылардың көзқарасы әлдеқайда жақсырақ. 22 сарапшының 14-і сатып алуды (Buy және Overweight), төртеуі портфельде ұстай тұруды ұсынады. Ал екеуі сатуды ұсынған.
Mitsubishi акцияларын бақылайтын 14 сарапшының 10-ы портфельде ұстауды, үшеуі сатып алуды, біреуі сатуды ұсынған.