Жаңалықтар

ҚМГ-ның еншілес кәсіпорны Ақтөбе облысында мұнай барлауды бастады

Фото:shutterstock

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының еншілес ұйымы – «Қазақтүрікмұнай» Ақтөбе облысындағы Қаражар кен орнында мұнай іздеп жатыр. Компания 3000 метр тереңдікте алғашқы іздеу ұңғымасын бұрғылауға кірісті.

Қаражар учаскесі – Каспий маңы шөгінді бассейнінің шығыс бөлігінде орналасқан және геологиялық құрылымы жағынан «Оңтүстік Қаратөбе» кен орнына ұқсайды.

«ҚазМұнайГаз» компаниясының хабарлауынша, бұл қадам – Ақтөбе облысының ресурстық базасын нығайтуға арналған маңызды кезеңнің бірі. Компания Қаражар учаскесінде барлау және өндіру құқығын биыл маусымда алған. Ал желтоқсан айында бұрғылау жұмыстары басталды.

ҚМГ еліміздің көмірсутек қорларын толықтыру үшін геологиялық барлау жұмысын белсенді жүргізіп жатыр. Өйткені Қазақстандағы мұнай қоры сарқылуға жақын.

1990 жылдан бастап күні бүгінге дейін елімізде 2 млрд-қа жуық яғни 1,94 млрд тонна мұнай шығарылған. Қазір жер қойнауында әлі 4 млрд тоннаға жуық қара алтын бар.

Еске сала кетейік, ҚМГ қараша айында Атырау облысындағы Қаратон Подсолевой учаскесінде тереңдігі 5500 метрлік іздеу ұңғымасын, ал мамырда Қызылорда облысындағы Торғай Палеозой жобасы аясында терең ұңғыманы бұрғылауды бастаған болатын.