Ағайынды Статилермен 14 жыл соттасқан Қазақстан үкіметі арадағы дау реттелгенін хабарлады. Тараптар мәмілеге келді ме?

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстан үкіметі ағайынды Анатол және Габриэль Статилермен арадағы 14 жылға созылған дауды толық реттеді. Бұл туралы Әділет министрлігі хабарлады.

«Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі және Стати тараптары, Tristan Oil жетекші кредиторларының қолдауымен және келісімімен, Қазақстандағы мұнай-газ активтері туралы ұзақ мерзімді дауды реттеу үдерісін сәтті аяқтады», – делінген хабарламада.

Тараптар «Түпкілікті реттеу туралы келісімге» қол қойған. Соған сәйкес, арада болған дау қайта көтерілмейді. Келісімнің нақты шарттары құпия сақталмақ.

«Ұзақ дау аяқталғаннан кейін, Қазақстанда экономиканы дамыту, оның ішінде инвестициялар тарту арқылы, қосымша мүмкіндіктер пайда болады. Бұл ретте, мен бұрын атап өткендей, республикалық бюджеттен реттеу шеңберінде қаражат пайдаланылмады», – деді Әділет министрі Азамат Есқараев.

Айта кетейік, молдовалық AscomGroup S.A. компаниясының басшысы Анатол Стати 2005 жылы Маңғыстау облысындағы Боранкөл газ өңдеу зауытының құрылысына 156,2 млн доллар қаржы құйды. 2009 жылы Қазақстанның қаржы полициясы Ascom Group компаниясына қарасты «ҚазПолМұнай» және «Толқынмұнайгаз» компанияларын тексерді. Сөйтіп шетелдік компанияға мұнай құбырларын лицензиясыз пайдаланып, 21 млрд 675 млн теңге заңсыз табыс тапты деп кінә тақты. Бұған қоса Анатол Статиді газ өңдеу зауытының құрылысына пайдаланылған құрал-жабдықтың құнын 100 млн доллар деп асыра бағалады, көрсетілмеген қызмет түрлеріне 44 млн, орнатылмаған қондырғыларға 72 млн доллар аударды деп айыптады.

Тергеу барысында «Казполмунай» және «Толқынмұнайгаз» компанияларымен жасалған жер қойнауын пайдалану келісімшартының күші тоқтатылды. Кейінірек Үкіметтің шешімімен кен орнын игеру және газ өңдеу зауытының құрылысына қатысты келісімшарт та күшін жойды.

Бұл ретте Қазақстан билігін өздерінің меншігіне рейдерлік жасады деген молдовалық әкелі-балалы олигархтар Анатол Стати мен Габриэль Стати 2010 жылы сот арқылы 4 млрд доллар талап етті.

Молдован кәсіпкерлері мен Қазақстан арасындағы дау 14 жылы ішінде бірнеше рет халықаралық сотта қаралды. 14 жылға созылған кикілжіңге биыл ғана нүкте қойылды. Дау туралы толық мына сілтемеден оқуға болады.

Сондай-ақ оқыңыз