Жаңалықтар

Сыртқы сауда: Қытай басты сауда серіктесі статусын сақтап отыр

Қытай Қазақстанның басты сауда серіктесі болып қала бермек / Фото: kursiv.media архивінен

2024 жылғы қаңтар–қазанда Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 116 млрд долларды құрады. Осылайша бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда номиналды мәнде 1,5%-ға көбейді.

ҰСБ-ның мәліметінше, қаңтар-қазан айларында экспорт – 68,5 млрд долларды (номиналды мәнде 5,1% көп), ал импорт – 48,4 млрд долларды құрады (номиналды мәнде 3,3% аз).  Осылайша сыртқы сауда айналымында биылғы жылдың ең жоғары өсімі тіркеліп, 101,5%-ға жетті.

Экспорт тұрақты түрде өсу динамикасын сақтап келеді, импорт, керісінше, теріс мәннен шыға алмауда. Импорт бойынша алып қарайтын болсақ, былтырғы жылдың осындай кезеңімен салыстырар болсақ, 2024 жылы оң динамика жоқ.

Елімізде импорт көлемінің азаюы – экономикалық әртараптандыру саясаты мен өндірісті жергілікті деңгейде дамыту шараларының нәтижесі. 2024 жылдың қаңтар-қазан айларында импорт 3,3%-ға төмендеді. Бұл шетелден сатып алынатын өнімдерді алмастыру және өндіріс тиімділігін арттырудың көрсеткіші болуы мүмкін. Бұл үрдіс ішкі нарыққа бағытталған өндіріс пен инновацияларды ынталандыру арқылы ұлттық экономиканы тұрақты дамытуға септігін тигізеді. Сонымен қатар, импорттың азаюы сауда теңгерімін жақсартып, елдің валюта резервтерін нығайтуға ықпал етеді.

Экспорт

Қазақстанның экспорттағы негізгі әріптес елдері: Италия (24%), Қытай (17,9%), Ресей (11%), Нидерланды (6,6%), Франция (4,7%), Түркия (4,1%). Әдеттегідей Қазақстанның басты эскпорттаушы елі Италия. Қазақстан өз мұнайын сату арқылы осындай көлемге жетуде. Ал Қытайға экспорт жылдан-жылға артып келеді.

Экспорт бойынша тауарлардың негізгі үлес салмағы 2024 жылғы қаңтар– қазанда мынадай тауарларға тиесілі: шикі мұнай және битуминозды жыныстардан алынған шикі мұнай өнімдері (54,4%), тазартылған мыс және өңделмеген мыс қорытпалары (5%), химиялық радиоактивті элементтер және радиоактивті изотоптар (4,9%), кендер және мыс концентраттары (3,9%), ферроқорытпалар (3%).

Импорт

Қазақстан тауар импорттайтын елдер қатарында бірінші Ресей (29,7%), одан кейін  Қытай (25,5%) тұр. Германия (4,9%), АҚШ (3,9%), Франция (3,2%), Корея Республикасының (3,1%) үлесі 10 пайызға да жетпейді.

Қазақстан  импорты бойынша ең көп үлес салмағы мынадай тауарларға тиесілі: жеңіл автокөліктер (4,1%), ұшу аппараттары (3%), дәрілік заттар (2,9%), телефон аппараттары (2,7%), моторлы көлік құралдарына арналған шанақ (2,1%).

Қытай -басты сауда серіктес

2024 жылғы қаңтар-қазан аралығында Қытай Қазақстанның басты сауда серіктесі болып қала берді. Қытайға экспорттың 17,9%-ы тиесілі болса, импорттың 25,5%-ы осы елден жүзеге асырылған. Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда энергетика, өнеркәсіптік өнімдер және азық-түлік тауарларымен тығыз байланысты. Бұл екі ел арасындағы сауда қатынастарының маңызды әрі тұрақты екенін көрсетеді.