«Қазақмыс» шахтерлердің ереуілінен кейін жалақы көтеруге уәде берді
17 желтоқсанда Ұлытау облысы Сәтбаев қаласындағы «Қазақмыс» корпорациясының 200-ден астам қызметкері жалақыны көтеруді талап етіп, ереуілге шықты. Олардың талаптарынан кейін, компания 2025 жылдың қаңтарынан бастап жалақыны 8,5% индекстеуге уәде берді.
Мәселеге бірінші болып назар аударған Қазтаг басылымының ақпаратына сүйенсек, 17 желтоқсанда Ұлытау облысындағы «Оңтүстік Қазақстан» кенішінің №65 шахтасының қызметкерлері ереуілге шыққан. Олар алдымен жалақыны 30%, біраз уақыттан кейін 100% көтеруді сұрады.
Ереуілден кейін корпорация 2025 жылдың қаңтарынан бастап жалақыны елдегі ресми инфляция деңгейіне индекстеуге келісті. Компания есебіне сәйкес, келер жылы қызметкерлер айына орта есеппен 822 мың теңге табыс табады.
«Жалақыны 8,5% арттырған кезде (2025 жылға арналған инфляцияның болжамды деңгейі) бүкіл Қазақмыс корпорациясы бойынша орташа жалақы 822 000 теңгені (2024 жылы 730 431 теңге), жерастында қызмет ететін жұмысшылар үшін 1 303 000 теңгені (2024 жылы 1 202 000 теңге) құрайды», – делінген хабарламада.
Бұған қоса, корпорация жұмысшылардың қосымша жеңілдіктеріне қатысты бірнеше өзгеріс енгізетінін хабарлады:
- Санаторий-курорттық емдеуге материалдық көмек пен өтемақы сомасын ұлғайту;
- Ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға қосымша жеңілдіктер енгізу;
- Жазда балалар лагеріне жіберілетін балалардың санын 1500 адамға дейін (қосымша 200 бала) көбейту;
- Бір адамға жылына 2,5 млн теңге жалпы сақтандыру сомасымен қалыпты жағдайда жұмыс істейтін 13 500-ге жуық қызметкерді қосымша сақтандыру. Осылайша, штаттың 100% сақтандырылады.
«Қазақмыс корпорациясы» миллиардерлер Владимир Ким мен Эдуард Огайға тиесілі. Корпорацияның 99,1% үлесі Kazakhmys Copper тиесілі. Оның түпкі құрылтайшысы АХҚО-да тіркелген Kazakhmys Holding Limited. Бұл компанияның 70% — Кимге, 30% Огайға тиесілі.