Шерзат Полаттың ісіне екі қорғаушы қосылып, 170 куәгерден жауап алынды

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Шерзат Полаттың ісіне екі қорғаушы қосылды
Шерзат Полаттың ісіне екі қорғаушы қосылды / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Алматы облысы Талғар ауданында кісі қолынан қайтыс болған Шерзат Полаттың ісінде оның отбасының мүддесін қорғау үшін тағы екі адвокат қосылды. Бұл туралы justice_for_sherzat арнасы хабарлады.

Ақпаратқа сүйенсек, іске Алматы қалалық адвокаттар алқасының қорғаушылары Асылбек Абдраимов пен Ерлан Адаев кіріскен. 

«Полат отбасына қатысты қылмыстық істер артуына байланысты іске тағы екі адвокат қосылды. Олар қазіргі үш қорғаушымен бірге жұмыс істейтін болады», – делінген хабарламада.

Шерзат Полаттың өліміне қатысты істе 170-тен астам куәгерлерден жауап алынып, 40-қа жуық экспертиза тағайындалған. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Абзал Құспан жазды.

Депутаттың жазуынша, осы істі талқылау үшін депутат Үнзила Шапақпен бірге Алматы облысына барып, облыстық прокурормен және полиция басшысымен кездескен. Кездесу барысында Шерзат Полаттың ісі ғана емес, оның қайтыс болған ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевтың ісі сөз болған. Депутаттың сөзінше, бұл іске де тиісті сараптамалар тағайындалған.

«Қылмыстық істің қоғамдық маңыздылығына байланысты, мен тергеу барысымен танысып, заңгер ретінде мән-жайды нақты анықтау үшін жұмыс істеп жатырмын. Бұл істің әділ әрі ашық қаралуына ықпал ету – басты мақсатымыз», – деп жазды депутат.

Абзал Құспан істі өз бақылауына алып, тергеу барысы туралы ақпарат таратып отыратынын айтты.

Осыған дейін депутат Шерзат Полаттың ісіне қатысты парламенттік тыңдау өткізу туралы бастама көтергенін айтқан.

Сондай-ақ оқыңыз