Өзбекстанда хайуанаттар бағынан қашып кеткен үш арыстан күзетшіні талап тастаған
Өзбекстан астанасы Ташкент қаласындағы Lion Park хайуанаттар бағында үш арыстан қамаудан босап кетіп, күзетшіге тап берген. Салдарынан 44 жастағы күзетші қаза тапқан.
Оқиға 17 желтоқсан күні Ташкент облысының Паркент ауданында болған. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, хайуанаттар бағында арыстандар қоршалған тордың есігі жабылмай қалған. Осының нәтижесінде түнге қарай үш жыртқыш парктің ауласына шығып кеткен. Олар бірден парк күзетшісіне шабуылдаған. Алған дене жарақаттарынан күзетші оқиға орнында қайтыс болған.
Зообақ қызметкерлері жыртқыштарды торға қайтару үшін ұйықтататын дәрі қолданған. Екі арыстанды ұйықтату мүмкін болған. Алайда үшіншісі тым агрессивті болғандықтан, атып тастауға тура келген.
Жалпы бұл паркте 15 арыстан болған. Оның 10-ы үлкен арыстан, бесеуі арыстанның күшіктері.
Өзбекстанның бас прокуратурасының баспасөз хатшысы Хаёт Шамсутдинов аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің «Еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу» бабы бойынша іс қозғалғанын хабарлады.