Қырғызстанның министрлер кабинетінің басшысы болып Адылбек Қасымалиев тағайындалды. Бұл туралы Қырғызстан басылымдары хабарлады.
«Мемлекет басшысы Жарлыққа қол қойды, оған сәйкес Адылбек Алешұлы Қасымалиев Министрлер Кабинетінің Басшысы – Президент Әкімшілігінің Басшысы болып тағайындалды», – деп хабарлады басылымдар.
Министрлер кабинетінің жаңа басшысы бұған дейін экс-премьер-министр Ақылбек Жапаровтың орынбасары болған.
Ал Ақылбек Жапаров бұл қызметінен салық жүйесінен заңсыздықтар анықталған соң, кетуге мәжбүр болды. Атап айтқанда, ол акциздік маркаларға қатысты алаяқтыққа жол берді, заңсыздыққа тосқауыл болмағаны үшін сынға ұшырап отыр. Өйткені, елдегі салық жүйесіне толығымен А.Жапаров жауапты болған.
18 желтоқсанда Жогорку Кенеште өткен жиында Қырғызстан президенті Садыр Жапаров министрлер кабинетінің бұрынғы төрағасының отставкаға кету себебін түсіндірді. Президент мүдделер қайшылығын болдырмау үшін осындай шешім қабылдағанын жеткізген.
«Салық жүйесіндегі келеңсіз көріністер бізді қатты қынжылтады. Акциздік маркаларға қатысты алаяқтық фактілері белгілі болды. Бұл сала Ақылбек Жапаровтың бақылауында болды, сәйкесінше ол заңсыз әрекеттерді тоқтата алатын еді. Мен тергеліп жатқан қылмыстық іс аясында ықтимал мүдделер қақтығысын жою үшін оны қызметінен босатуға мәжбүр болдым», – деп мәлімдеді Жапаров.
Еске сала кетсек, Қырғыз Республикасының премьер-министрі Акылбек Жапаров 16 желтоқсан күні қызметінен кеткен болатын.