Жаңалықтар

Досаев бір жамандықты сезіп отыр ма? Алматыда жер сілкінісін ерте анықтайтын станциялар көбейеді

Алматыда жер сілкінісін
Алматыда жер сілкінісін ерте анықтайтын 100-ге жуық станция жұмыс істейтін болады / Фото: shutterstock

Алматыда 28 жер сілкінісін ерте анықтайтын станция бар. Әкімдік оған қосымша 70 станция сатып алмақшы. Бұл туралы Орталық коммуникациялық қызметінде өткен брифингте қала әкімі Ерболат Досаев айтты.

Қалада 2017-2018 жылдары 10 525 нысан сейсмикалық тексерістен өткен, ал 2023–2024 жылдары тағы 10 916 нысанға сейсмоаудит жүргізілген. Әкім екінші кезең аудитінің нәтижесі 2025 жылдың бірінші тоқсанында дайын болатынын мәлімдеді.

«Жапония, Қытай, АҚШ сынды сейсмикалық белсенді аймақтарда орналасқан елдердің тәжірибесі негізінде арнайы бағдарлама әзірлейміз. Біз онда қала тұрғындарына көмек көрсету мәселесіне басымдық бергелі отырмыз», – деді әкім.

Сонымен бірге Досаев Алматы қаласының тектоникалық қауіпті аймақта орналасқанын, кейбір үйлердің 10 балдық аймақтарда тұрғанын және сол ақиқатты тұрғындардың білгені абзал екенін атап өтті.

«Бұл жұмыстардың бәрі арзан тұрмайды. Ең бастысы, үйлер қирап, адам шығыны болмауы үшін бар күшімізді салуымыз керек. Сол үшін қалада жер сілкінісін ерте анықтайтын 28 станция орнатқанбыз. Бұл өте аз. Енді қосымша 70 станция сатып алуды жоспарлап отырмыз. Бізде сонда жер сілкінісін ерте анықтайтын 100-ге жуық станция болады. Бұл станциялар жер асты дүмпулерін алдын-ала анықтауға мүмкіндік береді», – деді әкім.

Шаһар басшысы қосымша қандай жұмыстар жүргізілетіні 2025 жылдың басында, аудит нәтижелерінен кейін белгілі болатынын айтты.