Алматы әкімдігі метро желісін батыс бағытта Барлық базарына, шығыс бағытта әуежайға дейін созу үшін халықаралық қаржы институттарынан 1 млрд долларға дейін қарыз алуы мүмкін. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қала әкімі Ерболат Досаев айтты.
«Метроға қатысты айтар болсақ, қазіргі таңда метро желісін екі бағытта созу үшін қарыз алу мәселесін қарастырып жатырмыз. Атап айтқанда, Қалқаман мен Барлық станцияларына , шығыс бағытта әуежайға дейін метро желісін ұзартуды көздеп отырмыз. Бірінші бағыттың жалпы ұзындығы 5,3 шақырымды құрайды. Жібек жолы станциясынан әуежайға дейінгі қашықтық 14 шақырымды құрайды. Сонда жалпы 19,5 км метро желісін салуымыз керек. Қазіргі таңда бұл жұмыстарға кететін қаражатты қарызға алу үшін шетелдік кредиторлармен, халықаралық қаржы ұйымдарымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз»,- деді әкім.
Әкімдік қазір AFC, Еуразиялық даму банкі, Азия даму банкі, Қытайдың Эксим банкі, Азиялық даму және Қайта құру және даму банкі сынды ұйымдардың қарыз беру шарттарымен танысып жатыр. Әкім олардың ішінде ең тиімді шарт ұсынған банктің таңдалатынын айтты.
«Біз алдағы жылдың 1 тоқсанында нақты қай банкпен жұмыс істейтінімізді анықтап алуымыз керек. Бұл қаржы ұйымдарынан 1 млрд долларға дейінгі көлемде қарыз алынуы мүмкін»,- деді әкім.
Досаев сонымен бірге технологиялық тұрғыда метро салуға септесетін елдерден қарыз алуға басымдық берілуі мүмкін екенін де айтты. Өйткені Қазақстанда метро салуға ұзақ уақыт кетеді. Мәселен, Бауыржан Момышұлы мен Сарыарқа бекеттері 3,5 жылдың орнына 7 жыл салынған. Әкім Барлық пен Қалқаман бағытын салуға мұндай уақыт жұмсамайтынын, құрылысты шамамен 3,5 жылда аяқталу жоспарланып отырғанын жеткізді.
Ал әуежай бағытындағы метро желісін салу үшін әкімдік 2025 жылдан бастап, жер учаскелерін сатып алу жұмыстарын бастайды.