Алматы метросында жас жігіт қайтыс болғаннан кейін, Алматы әкімдігі платформалардағы қауіпсіздікті күшейтеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы әкімі Ерболат Досаев айтты.
Зағип жігіт рельске құлап қаза тапқан соң, Алматы әкімдігі екі вагонның арасындағы қуысқа турникет орнату туралы шешім қабылдаған.
«Бұл бәріміздің жүрегімізді ауыртқан оқиға болды. Ол жігіттің отбасына қайғырып көңіл айтам. Осындай оқиғалар қайталанбас үшін платформаға арнайы турникеттер бекітеміз. Видеода көргеніңіздей жігіт екі вагонның ортасындағы қуысқа құлап кеткен. Қауіпсіздік мақсатында сол қуысты қоршап тастаймыз», – деді әкім.
Әкім бұл турникеттердің балалардың қауіпсіздігі үшін де қойылатынын айтты. Қазір жұмыс істеп тұрған платформаларға арнайы қоршаулар келесі жылдан бастап қойылса, жаңадан салынатын бекеттерде бірден орнатылатын болады.
Сонымен бірге әкім мүмкіндігі шектеулі жандарды көргенде, жол көрсетіп көмектесіп жіберуге шақырды.
Айта кетейік, 10 желтоқсан күні Алматы метросында 26 жастағы зағип жігіт ек вагонның ортасына құлап қайтыс болған еді. Полиция тергеу амалдары басталғанын мәлімдеген.