Досаев Орталық стадионның төбесін жауып, үлкейтуге уәде берді

Жарияланды
Орталық стадион
Орталық стадион кеңейтіліп, төбесі жабылады / Фото: ашық дереккөз; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Алматының Орталық стадионы кеңейіп, төбесі жабылып, әлем және Еуропа чемпионаттарын өткізуге сай болатындай етіп жаңғыртылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев айтты.

Әкімнің айтуынша, қазіргі стадион 21 мың адамға арналған. Ал жаңғыртылған соң, ондағы орындар саны шамамен 10 мыңға артып, 32,5 мыңға жетеді.

«Стадион 1958 жылы салынған. Оны кеңейтеміз, стадион барлық стандартқа сай болады. Ол жерде еуропалық деңгейде де, әлемдік деңгейде де түрлі кубоктарды өткізуге болатындай етіп жаңғыртылады», – деді Досаев.

Сонымен бірге әкім құрылыс жүргізілуіне байланысты стадионның жабылатынын айтты. Стадионды жаңғырту жұмыстары алдағы жылдан басталуы мүмкін. Өйткені 1 қаңтардан бастап «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңнамаға өзгеріс енгізіліп, мердігерлерге қойылатын талап қатаңдайды. Досаев жаңғырту бойынша кешенді жоспар дайын тұрғанын айтты.

Еске сала кетсек, Орталық стадионның жағдайын жанкүйерлер 13 желтоқсан күні өткен Астана-Челси ойыны кезінде өз көзімен көрді. Тозған орындықтар мен қары тазаланбаған жерлер сол күні әлеуметтік желіге тарап кетіп, стадионы басшылығы сынға ұшыраған еді. Сол күнгі ойынды стадионға барған көрермен қары тазаланбаған орындарда тамашалауға мәжбүр болды.

Сондай-ақ оқыңыз