Алматы көлік жүргізушілері жыл басынан бері 5 мыңнан астам VIP нөмірге тапсырыс берген. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының Алматы филиалы хабарлады.
Нақтырақ айтқанда, алматылықтар жыл басынан бері 5039 VIP нөмірге тапсырыс берген.
«Мұндай ерекше нөмірлер халық арасында айрықша сұраныста. Былтырғымен салыстырмалы түрде алсақ, 2023 жылы 5415 нөмірге тапсырыс берілген»,- деп хабарлайды корпорацияның баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, қала тұрғындары арасында көбінде 010, 020, 030, 040, 050, 060, 070, 077, 080, 090, 707 сынды нөмірлер сұранысқа ие. Мұндай нөмірлерге тапсырыс беру үшін 57 АЕК көлемінде яғни 210 444 теңге төлем жасау керек. Ал ең қымбат нөмірлердің бағасы 1 млн теңгеден асады. Нақтырақ айтқанда, нөмір құны 285 АЕК көлемінде. Мұндай қымбат нөмірлерге 001, 002, 003, 004, 005, 006, 007, 008, 009, 777 сынды нөмірлер жатады.
Бұл нөмірлер үшін төленген қаражат мемлекеттік қазынаға түседі. Бұл жайлы № 1 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Асет Тұрғымбаев айтты.
«Кейбір адамдар VIP-нөмірлердің құнын «Азаматтарға арналған үкімет» белгілейді деген қате пікірде. Сатудан түскен қаржы мемлекеттік қазынаға түседі және мемлекеттік баж мөлшері Қазақстан Республикасының Салық кодексімен реттеледі», – дейді Тұрғымбаев.
Көлік жүргізушісінің тапсырыс беруімен VIP нөмір әзірлеуге 5 жұмыс күні кетеді. Ал тапсырысты азаматтар eGov порталы және eGov Mobile арқылы бере алады.