Назарбаевтың биліктен кететінін, Қаңтар оқиғасын алдын ала болжаған нумеролог 2025 жылы табиғи апаттардан сақтануға шақырды
Нумеролог Құралай Бақытқызы қазақстандықтарға жақсы таныс. Ол күні бұрын Назарбаевтың дәуірі аяқталғанын және Қаңтар оқиғасын алдын ала дәл болжаған болатын.
2025 жылға арналған болжамы бойынша, Қытай мен АҚШ күшейе түспек, Украина мен Ресей арасындағы соғыс тоқтап, келіссөздер сәтті аяқталуы мүмкін. Алдағы жыл прогресс жылы болмақ.
Десе де, сандар сәуегейі табиғи апаттардан сақ болуға шақырып отыр.
«2025 жылдың саны – 9. Тоғыз – сандардың үлкені. Тоғыз саны – оқу, білім, даму жылы. Мұны қорытындылау жылы десек те болады. Қандай оқиғалар болса да, прогресс жылы болып қалады. Қытай гороскопы бойынша, ағаш – жылан жылы кірді. Ағаш стихиясы баяу. Баяу жыл болғандықтан, тыныш жыл болады деп күткен жөн», – дейді Құралай Бақытқызы.
Нумерологтің болжамына қарағанда, 2025 жыл – қайырлы жыл. Көп адам жоспарына қол жеткізіп үлгереді. Денсаулығы жақсарады. Сағат тілі жоспармен жылжыды.
«1945 жылы соғыс тоқтаған. 2025 жыл да 5-пен аяқталып тұр. Келіссөздер сәтті аяқталады. АҚШ президентінің септігі тиюі мүмкін. Кейбір факторлар әсер етіп кетпесе, соғыстың осы жылы тоқтауының ықтималдылығы өте жоғары», – дейді Құралай Бақытқызы.
Нумерологтің айтуынша, келе жатқан жылда да табиғи апаттар жиі болуы мүмкін. Өйткені ағаш стихиясы – жылы энергия, көктем энергиясы. Жер сілкісінісі, су тасқыны болады. Мұндай апаттар жылдарға байланысты күзде, қыста, жазда қайталанып отырады. Алдағы көктемге көбірек мән беру керек.
«Ағаш жылы екі жыл қатарынан болады. Биылғы ағаш жылы келесі жылы да жалғасады. Президент Қытай жылын жариялады. Бұл да тегін емес. Өйткені экономиканың жақсаруына Қытайдың септігі тиді. Қытаймен жұмыс істеп байып жатқан адамдар көп. Солардың ішінде блогерлер де бар. Биыл Шығыс елдеріне көп зейін қойған дұрыс. Билік те Шығыс елдерімен көбірек қарым-қатынас жасайтын сияқты», – дейді Құралай Бақытқызы.
Оның сөзіне қарағанда, 2024-2025 жылдар – Қытай өзін танытатын жылдар. АҚШ үшін де табысты жыл болады. Қытай автокөліктер жағынан кең ауқымды қадамдар жасайды. Гибридті, электрлі автокөліктер, жасыл энергетика дамиды. Медицинада жаңалықтар болуы мүмкін.
«Мұғалім, дәрігерлердің жалақылары өсе ме, біліктілікті арттыру бағдарламалары көбейе ме, осыған баса назар аударылады. Биыл тіл дамитын жыл екен. Қазақ тіліне көп көңіл бөліне ме немесе шет тілін оқыту туралы жолдау жасала ма, әйтеуір мектептерде тіл оқыту дами түседі», – деп жорамал жасайды нумеролог.
Сандар сәуегейінің айтуынша, туған жылы 0-мен аяқталған адамдарға сәтті жыл болады. 90, 91, 80 81, 70,71 жылы туған адамдар үшін табысты жыл болмақ. 85, 95-шы жылдары туғандар бақытты болады. Туған жылы 6-7 сандарымен аяқталатын адамдар үшін оқу, білім, даму жылы. Ал 69, 78, 79, 58 жылы туған адамдар денсаулыққа көп мән беруі тиіс. Бұл адамдарға үлкен тәуекелге баруға болмайтын көрінеді.
«Соғыс тоқтайтын сияқты. Метеоритпен байланысты апат болуы ықтимал. Тоғыз санында кейбір қолайсыз күндер бар. Сол кезде табиғи апаттар болып жатады. Сондықтан одан қашып құтыла алмаймыз», – дейді нумеролог.
Құралай Бақытқызының болжауынша, өтіп бара жатқан жылмен салыстырғанда, алдағы жылы кей жерлерде елді су тасқыны мазаласа да, қатты зілзала болмайды. Өйткені былтырғы жылдың саны – 8. Гравитация жылы. Сондықтан жер сілкіністері көп болған.