Жаңалықтар

Маңғыстау әкімдігі Бозжыра шатқалына туристік нысан салу мәселесін қайта қозғады

Бозжыра шатқалына қонақүй салу туралы 2020 жылы бастама көтерілген. Бірақ бұл идея қоғам тарапынан қарсылыққа тап болған еді. /Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ербол Ізбергенов Бозжыра шатқалында туристік инфрақұрылым салынуы қажет деп мәлімдеді. Lada-ның хабарлауынша, жергілікті шенеунік мұндай нысандар аймақтағы туризмнің дамуына серпін береді деп пікір білдірген.

Ербол Ізбергеновтің сөзіне қарағанда, облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай бұл аймаққа туристік жобаларды жүзеге асыруды қолдайтынын айтқан. Қонақтарға арнап жайлы сервистер жасау Бозжыраны саяхатшылар үшін тартымды етпек.

Жергілікті шенеуніктің айтуынша, Бозжыра төңірегінде нысандарға инвестиция салуға тек қана шетелдік компаниялар емес, Ақтаудың ірі құрылыс компаниялары мен кәсіпкерлері де мүдделі болып отыр.

Ізбергенов Сауд Арабиясына жолы түскенін, маңғыстаулық шенеуніктердің Әл Ула қаласындағы көрікті жерлерге туристік инфрақұрылым салу тәжірибесін зерделегенін алға тартты. Ол жерде жер бедерімен үйлесетін әрі туристерді жайлы қарсы алуға мүмкіндік беретін 20 қонақүй жұмыс істеп тұрған көрінеді.

Айта кететін жайт, жергілікті билік Бозжыра шатқалына қонақүй салуға 2020 жылы бастама көтерген. Бірақ бұл идея қоғам тарапынан қарсылыққа тап болған еді. Экологтар мен белсенділер бұл Бозжыраның табиғатын бүлдіріп, сол төңіректі мекендеген аң-құстарға залал келтіретінін айтқан. Ақырында билік пен инвесторлар бұл жоспардан бас тартты. Ол кезде бұл жобаның жалпы құны 40 млрд теңге деп бағаланған еді.