Петропавл әкімдігі мемлекеттен тегін пәтер алатын 700 адамды таппай жүр

Жарияланды
Әкімдік оларды шам алып іздеуге кіріскен. Тіпті баспасөзге және әлеуметтік желілерге де хабарландыру беріпті/фото: Kursiv.media мұрағаты

Петропавл қаласының әкімдігі тұрғын үй кезегінде тұрған 700 адамды таппаған. Олардың дені бұл қаладан көшіп кеткен немесе телефондары ауысқан. Әйтеуір әкімдікпен қайта байланысқа шықпаған.  

Петропавловск.news хабарлауынша, әкімдік оларды шам алып іздеуге кіріскен. Тіпті баспасөзге және әлеуметтік желілерге де хабарландыру беріпті.

«Біз олардың осы уақытқа дейін пәтер сатып алғанын немесе көшіп кеткенін білмейміз. Іздестіріп жатырмыз. Әлеуметтік желі мен газеттерге хабарландыру бердік. Мұндай 700 адам бар», – деді ТКШ бөлімінің жетекшісі Айдын Мәкенов.

Бұл – Қызылжарда баспана мәселесі түбегейлі шешілген деген сөз емес. Үйсіз-күйсіз азаматтар жетіп артылады. Мәселен, Ирина Кошелева деген петропавлдық әйел 2009 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұр. Былтыр кезегі келген. Сол кезде берілген 600 пәтердің бірі оған тиесілі болған. Бірақ оған лайықты тұрғын  үй – бір бөлмелі пәтер табылмаған. Өйткені Қызылжарда бір бөлмелі пәтерлер жоқтың қасы. Ал екі-үш бөлмелі пәтерлерге тапшылық жоқ. Десе де, оларды тұрғын үй кезегінде тұрғандарға үлестіріп беруге әкімдіктің құқығы жоқ.

Қала әкімі Серік Мұхамедиев оның мәселесін тез шешуге тапсырма берді.

«Бізде бөлу қажет пәтерлер бар. Кезекті тексеріңдер. 2009-дан бері кезекте тұр. Осы уақытқа дейін алуы тиіс», – деді қала басшысы.

Сондай-ақ оқыңыз