Бейне

Сұлулықтың құны. Ерін үлкейтіп, төс кішірейту қанша тұрады?

Ерін үлкейту, ботокс салу қанша тұрады?/ Фото: коллаж KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Эстетикалық медицина – адамның сыртқы келбетін медициналық технология көмегімен өзгертуге бағытталған тұтас сала. Қабақты кесіп, ерін мен төсті үлкейтіп, денедегі артық майды алып тастауға болатын түрлі қызметтер бар. Kursiv Media олардың бағасын шолып, қазақстандықтар арасында ең танымал пластикалық хирургия түрін анықтап көрді.

Кореялық әлде америкалық ерін?

Келбетті өзгертудің ең қарапайым түрі – ерін үлкейту. Оны тек клиникаларда ғана емес қарапайым сұлулық салондарында жасай береді. Ерін үлкейту үшін гель тәрізді сұйықтық филлер құяды. Егер кореялық түрін таңдасаңыз, 1 мл филлер 35 000-40 000 теңгеден басталады. Еуропалық филлерлер әдетте қымбаттау, 70 000-80 000 теңге айналасында. 1 мл филлер сапасына қарай бір жылға дейін формасын сақтай алады, бірақ одан кейін тағы да косметолог көмегіне жүгінуге тура келеді.

Ал ерте қартайғым келмейді десеңіз, ботокс жасатуға болады. Ботокс – беттегі мимикалық әжімдерді жазу үшін пайдаланатын ботулоксин негізіндегі препарат. Ботоксты әдетте ерін мен мұрын айналасына және маңдай тұсына жасайды. Тұтас үш зонаға жасату құны алматылық сұлулық салондарында 150-200 мың теңге аралығында. Кей салондарда бонус ретінде мойын зонасына да ботокс жасап береді. Ал бір зонаға жасату 70 мың теңгеден басталады. Бірақ ботокс 2-6 айға дейін сақталады, одан кейін мимикалық әжімдер қайта біліне бастауы мүмкін.

Миллион тұратын төс

Пластикалық хирургия  қазір қазақстандықтар үшін таңсық емес. Тек эстетика үшін емес медициналық  мақсатта да жасататындар көп дейді пластикалық хирург Ербол Дәрменов. Оның осы салада 11 жылдық тәжірибесі бар, қазір Алматыдағы клиникалардың бірінде жұмыс істейді. Ерболдың сөзінше,  қазақстандықтар арасында ең сұранысқа ие қызмет түрі – блефаропластика.  Блефаропластика – көз айналасындағы артық теріні алып тастау.

«Көбінде адамдар 35-40 жастан асқанда келе бастайды. Жасы ұлғайған сайын қабақ терісі төмен салбырайды, көзге ауырлық қылады. Көз тез шаршай бастайды, қабақ терісінен жанары жабылып, көрмей қалатын сәттер болады. Сол үшін көз айналасындағы теріні алдыртады. Ал жастар әдетте эстетика, әдемілік үшін жасатады», – дейді ол.

Блефаропластика 350 – 700 мың теңге аралығында, баға көздің тек бір жағындағы теріні немесе астындағы және үстіндегі қабақ терісін қатар алып тастауына қарай өзгереді. Кей клиникаларда жеңілдікпен 180-200 мың теңгеге жасатуға болады. Ол сомаға хирург тексеруі, ота және отадан кейінгі бақылау, жібін алып тастау кіреді. Дәрігердің айтуынша, блефаропластика жасағаннан кейінгі ісік 1,5-2 апта ішінде қайтады, егер бәрі дұрыс болса, бесінші не жетінші күні жіпті алып тастауға болады. Ота алдындағы анализдер қосымша төленеді.

Сұранысқа ие тағы бір хирургиялық қызмет – маммопластика немесе төстің формасын өзгерту. Әдетте келіншектер 35-40 жастан кейін балаларды босанып, емізу қажет емес деген соң жасата бастайды.

«Емізген кезде төстің формасы өзгереді, төмен түседі, соны дұрыстағысы келеді. Ал кейде тым үлкен төсті кішірейтуге келеді, ол медициналық жағынан қажет. Үлкен төс ауырлық қылады, мойын ауырады, төмен қарай тартады. Денсаулық үшін жасату керек болады», – деп түсіндіреді Ербол Дәрменов.

Дәрігер 11 жылдық тәжірибесінде 65 жастағы әйел кісіге ринопластика жасағанын айтады. Яғни бұрын салынған имплант асқынып, қайта ауыстырып, ота жасауға тура келген.

«Маммопластика қатерлі ісікке әкеледі деген шу болған. Бірақ әлі күнге дейін импланттың зиян болатыны туралы толық дәлелденген жоқ. Егер зиян болса, осы уақытқа дейін оған тыйым салатын еді», – дейді хирург.

Имплант бағасы да оның материалына, сыртқы қабаты, формасы және қай елден шығатынына қарай өзгереді. Алматы клиникаларында маммопластика жасату 1 млн теңгеден басталады. Оның ішінде ота, имплант, отадан кейінгі бір күн клиникада жату, тамақтану және дәрілері кіреді. Кей клиникаларда баға 2 млн төңірегінде және одан асуы мүмкін.

Ал үшінші орында танымал қызмет түрі – липосакция, май шөгінділерін хирургиялық жолмен алып тастау. Липосакцияны 20 жастан асқан бойжеткендер жиі жасатады. Көпшілігі іш, бел айналасындағы майды алып тастайды, кейде оны жуып, тазартып жамбасқа құяды.

«Липосакцияны елу жасқа дейінгі әйелдер жасата береді. Бұл жердегі баға зонаға қарай өзгереді. Іштегі майды алып тастау 600-700 мың айналасында. Егер оны екінші жерге қайта құю керек болса, тағы 300-400 мың теңге төлейді», – дейді дәрігер. Липосакцияны әдетте жергілікті анестезиямен жасайды, егер толық анестезия алатын болса тағы баға қосылады.

«Бағасы арзан деген сапалы деген сөз емес»

Біз жоғарыда аталған бағалар орташа деңгейдегі сома. Одан төмен бағада да қызмет түрін таба аласыз. Бірақ бағасы арзан сапалы қызмет дегенді білдірмейді.

«Ашығын айтқанда, ерінбегеннің бәрі пластикалық хирургияға келіп жатыр. Көрінген салонда жасай береді. Көпшілігі жасатқысы келеді, бірақ бағасына қарайды, сөйтіп арзан жерге барады. Ал олардың не лицензиясы жоқ, медициналық білім мен сертификаты жоқ. Сосын зардабын тартады. Міндетті түрде хирургтың жұмыс тәжірибесіне, лицензиясына назар аударыңыз. Қазір барлығында жеке парақшалар бар. Қанша жұмыс істегенін, қанша клиенті болғанын анық көруге болады, әбден тексеріп алыңыз», – дейді Ербол Дәрменов.

Бұл саладағы баға доллар курсына да байланған. Себебі отаға қажетті материалдар шетелдік фирмалардан келеді. Мәселен, блефаропластика жасайтын жіпті америкалық, қытайлық, ресейлік фирмалардан алады. Биыл оның бағасы 1000 тг болса, келесі жылы доллар курсын қарай бағасы 1250-1500 теңгеге жетуі мүмкін. Ол қызмет бағасына әсер етпей қоймайды.  Дәл солай имплант бағасы да өзгереді.

Ашық деректерге сүйенсек, былтыр елдегі сұлулық саласындағы қызмет көлемі 62,3 млрд теңгеге жеткен. Ең көп үлес Алматы қаласында, былтырғы көлем 19,5 млрд теңгені құрап, 2,9 есе өсім көрсетті. Екінші орында 12,6 млрд теңгемен Астана, үшінші орында 6,4 млрд теңгемен Қарағанды облысы тұр.