Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров Түркістан қаласында арақ ішуге және оны сатуға тыйым салуды ұсынды. Мәжілісмен рухани қала болғандықтан, онда арақ-шарап мүлдем болмауы керек деп есептейді.
Мәжілісте «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заң жобасы қаралып жатыр. Заң жобасын талқылау барысында депутат бұған дейін де айтқан ұсынысын тағы да қайталады.
Түркістан неге арақсыз қала бола алмай отыр?
«Осыдан 1-2 жыл бұрын Түркістанда болғанбыз. Түркістан – рухани астанамыз. Түркістан – арақсыз қала. Осы заңның аясында Түркістанда арақ ішуге, сатуға, арақ ішіп, «ләйліп» көшеде жүруге тыйым салсақ. Өйткені Түркістан рухани астанамыз болғандықтан, бүкіл қазақ осы жерден рух алуы керек»,— деді Назаров.
Депутат бұл қалада әулие, батыр, бабалар мен билер жерленгенін еске салды.
«Шетелден көп қонақ келгенде ,біздің азаматтарымыз ішіп алып, алдынан шығатын болса, ұят қой. Осы заңның аясында «арақсыз қала», «рухани қала» деп араққа тыйым салуға бола ма?», — деп ұсыныс білдірді депутат.
Әкімдік жауабы…
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев облыста осыған дейін «Ішімдіксіз ауыл» деген арнайы жоба жарияланғанын айтады. Ол жобаға аймақтағы 30-дан астам ауыл қосылған.
«Бұл бастама Түркістан қаласында да жергілікті зиялы қауыммен, ақсақалдармен, әртүрлі қоғам белсенділерімен талқылаулар түрлі форматта өткізілген. Дегенмен Түркістан қаласының негізгі рухани-мәдени бағытымен қатар, туристік бағыттағы қала ретінде де таңдалып бекітіліп отыр. Соған сәйкес бизнес қауымдастықтың өкілдері тарапынан ол мәселеге де түрлі көзқарас туындатып отыр»,- деді әкім орынбасары.
Депутаттың ұсынысын орында деп есептегенімен, шенеунік оған нақты жауап бере алмады. Заң нормалары шеңберінде қаралады деп сендірді.
«Аталған мәселе де орынды. Алдағы уақытта заң жобасы қабылданып жатқаннан кейін бұл мәселені де тиісті заң нормалары аясында қарастыру қажет деп санаймыз»,— деп қысқа қайырды шенеунік.
Еске сала кетсек, аталған ұсынысты Ардақ Назаров осыған дейін айтқан болатын. Сол уақытта Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков мұндай қоғамдық бастамаларды Үкімет әрқашан қолдайтынын, ол азаматтардың өз ұстанымына байланысты екенін айтқан болатын. Алайда бүгін мәжілісте қаралған заң жобасында депутаттың бұл ұсынысы тағы да ескерілмей қалды.