Жаңалықтар

«Кепілдігін жаңартып алу үшін барды»: Депутаттар Путин мен Назарбаевтың кездесуінен саяси астар іздей ме?

депутаты Бапи и Сарым
Экс-президент Назарбаев Путинмен кездесу үшін Мәскеуге барған еді/ Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Мәжілісмен Ермұрат Бапи Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресей президенті Владимир Путинмен жуырдағы болған кездесуіне қатысты ойын айтты. Депутат бұл жүздесудің артында «құйтырқы әрекеттер» жатыр деп топшылайды. Ал әріптесі Айдос Сарымның пікірі оған қарама-қайшы.

Бәпидің болжамы қандай?

Үнемі Ескі Қазақстан өкілдері туралы айтып жүретін Ермұрат Бәпидің бұл жолғы пікірі де сол жайында болды. Депутат таяуда экс-президент Назарбаев пен Ресей басшысы Путиннің кездесуіне қатысты өз ойын жеткізді. Мәжілісмен кездесудің өткені туралы ашық жариялануы тегін еместігін, мұның артында саяси астар барын айтады.

 Мен оның қасында тұрған жоқпын. Бірақ дегенмен, менің ойымша, әлде бір  кепілдіктерді қажет етті ма екен?!  Менің өзімнің ойымша, әу баста президент Назарбаев отставкаға кеткен кезде, ең бірінші кезекте Ресейдің президентімен ақылдасты. Ресейдің президентінің кепілдігін алды. Сол кепілдігін жаңартып алу үшін «обновление гарантии» дейміз бе, осы тұрғыда барған шығар деп ойлаймын,- деді депутат Мәжіліс кулуарында.

Журналистер бұл кездесуге қазақстандықтар алаңдаушылық білдіргенін айтып, екінші Қаңтар оқиғасы қайталануы мүмкін бе деп сұрады. Депутат ондай жағдай қайталануы мүмкін емес дейді..  

 Жоқ, кездесуден соң «қаңтар-2» оқиғасы болады деп ойламаймын. Путинді құдай деп санасақ та, осыншалықты оқиға ұйымдастыра алмайды. Қаңтар оқиғасы – бұл қоғамдық наразылық. Содан кейін Путин сиқыршы емес, бүкіл қоғамның қарсылығын қайтадан жандандыра алмайды. Меніңше, бұл жерде басқа да құйтырқы жағдайлар бар. Ең бастысы, осы кездесудің өзін жария етіп, оның төңірегінде саясаттанушылардың пікірін тарату, мұның барлығы «Ескі Қазақстанның» қажеттілігін, қазіргіге қарағанда бұрынғысы жақсы еді деген секілді әңгімені өрбіту,- деп пайымдайды Ермұрат Бәпи.

Депутат Айдос Сарым не дейді?

Ал Айдос Сарымның пікірі Ермұрат Бәпидің айтқанына қарама-қайшы. Депутат қорқуға еш негіз жоқ деп санайды.

«Ол экс-президент, ешқандай мемлекеттік функцияларды немесе міндеттерді атқармайды. Бұл оның жеке сапары. Ол Путинмен ұзақ жылдар бойы жұмыс істегендіктен, оны қабылдады. Менің ойымша, бұл қандай да бір белгі емес. Сіздер өздеріңіз де байқадыңыздар, Путин Ресейдегі кез-келген адамның Қазақстанға қатысты қандай да бір инсинуацияларға жол беруін Ресейдің жауы деп санайтынын айтты. Бұл іс жүзінде дәйексөз, яғни мұндай мәлімдемелерден кейін, арнайы бір әрекеттер жасалады деп ойламаймын», – деді Айдос Сарым.

Еске сала кетейік, 14 желтоқсанда Кремльдің баспасөз қызметі экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Путинмен Мәскеуде кездескенін хабарлады. Олардың қандай мақсатта кездескені нақтыланбады.

Бұл кездесуге өзге де депутаттар алаңдаулы. Депутат Самат Нұртаза 2021 жылдың желтоқсан айындағы Санкт-Петербургтегі кездесуді еске алып, соңы қазақ халқы үшін жақсы аяқталмағанын атап өтті. Артынша елдегі жағдайдың ушығып, «Қаңтар оқиғасына» ұласқанын айтты.