ФРЖ пайыздық мөлшерлемені 0,25%-ға төмендетті. Есесіне 2025 жылы мөлшерлемелердің өзгерісі біршама азаятынын ескертті. ChatGPT телефон қоңыраулары мен мәтіндік хабарламалар арқылы қолжетімді болады. 18 желтоқсандағы әлемдік БАҚ шолуына зер салыңыздар.
ФРЖ мөлшерлемелерді 0,25 пайыздық тармаққа төмендетті
Федералды резерв жүйесі пайыздық мөлшерлемелерді кезекті рет 25 базистік тармаққа төмендетіп, оларды 4,25-4,5% диапазонында белгіледі. Сарапшылардың да күткені осы еді. Алайда ФРЖ болашақта монетарлық саясатты жұмсарту уақытша тоқтауы мүмкін екенін мәлімдеді.
Биыл ФРЖ мөлшерлемелерді қатарынан үш рет төмендетті: қыркүйекте алғаш рет 2020 жылдан бері мөлшерлеме 50 базистік тармаққа азайтылды, ал қарашада тағы 0,25%-ға төмендеді.
Bloomberg мәліметінше, жаңа тоқсандық болжамдарға сәйкес, ФРЖ 2025 жылы мөлшерлемелерді 0,25%-дан екі рет төмендетуі мүмкін. Нәтижесінде 2026 жылға қарай мөлшерлеме 3,75%-4% аралығында тұрақталады.
Бұл жаңалық жарияланған соң, АҚШ қор биржасындағы акциялар күрт төмендеді. Сауда-саттық сессиясы нәтижесінде Dow индексі 2,58%-ға төмендеп, 1974 жылдан бергі ең ұзақ 10 күндік құлдырау кезеңін жалғастырды. S&P 500 индексі 2,95%-ға (тамыздан бергі ең нашар күн), ал Nasdaq 3,56%-ға құлады (соңғы бес айдағы ең ірі құлдырау). Сонымен қатар екі жылдық АҚШ қазынашылық облигацияларының кірістілігі 4,3%-ға өсті.
Ұлыбританиядағы инфляция сегіз айлық максимумға жетті
Reuters агенттігінің хабарлауынша, Ұлыбританиядағы тұтынушылық баға индексі қараша айында жылдық мәнде 2,6%-ды құрады. Бұл сарапшылардың болжамдарына сәйкес келеді. Аталған көрсеткіш сегіз айлық максимумға жетті: қазанда 2,3%, ал қыркүйекте 1,7% болған.
«Инфляцияның ай сайынғы үздіксіз өсуі және наурыздан бергі ең жоғары деңгейге жетуі Ұлыбритания экономикасында баға қысымының сақталып тұрғанын көрсетеді», – деді Ұлыбритания өнеркәсіп конфедерациясының бас экономисі Мартин Сарториус.
Сонымен бірге инфляцияның дәстүрлі жоғары көрсеткіш болып саналатын қызмет көрсету саласында жылдық мәнде 5% деңгейінде сақталуы (өткен айда 5,1% болған) Англия банкіне аздап жеңілдік әкелді. Бұл факт инвесторларға мөлшерлеменің жұмсаруына үміт барын ұқтырғандай.
Дегенмен Англия банкі несиелік мөлшерлемелерді басқа дамыған елдердің орталық банктеріне қарағанда баяу төмендетіп отыр. Мөлшерлеме қазіргі деңгейінде (4,75%) сақталады деп күтілуде.
ChatGPT телефон қоңыраулары мен мәтіндік хабарламалар арқылы қолжетімді болады
OpenAI компаниясының бас директоры Сэм Альтман ChatGPT жасанды интеллектісімен өзара әрекеттесудің жаңа мүмкіндігін ұсынды. Енді пайдаланушылар 1-800-242-8478 нөміріне қоңырау шалып немесе WhatsApp-пен хабарлама жіберу арқылы ботпен байланыса алады. Бұл қызмет «оңай, ыңғайлы әрі қолжетімді тәсіл» ретінде сипатталып отыр. Пайдаланушыларға ай сайын тегін 15 минут беріледі.
Бұл жаңалық OpenAI компаниясының Sora атты жасанды интеллект негізіндегі видео генерациялау құралының іске қосылғаны туралы хабарламасынан кейін жарияланды. Қазан айында компания ChatGPT-ге іздеу функциясын енгізді. Бұл оны Google, Microsoft-тың Bing және Perplexity сияқты бәсекелестермен тиімдірек бәсекелесуге мүмкіндік береді.
CNBC атап өткендей, бұл жаңашылдықтар OpenAI-дың агрессивті өсу жоспарының бір бөлігі болып саналады. Компанияға Amazon Anthropic, Илон Масктың xAI, Google, Meta және Microsoft сияқты ірі ойыншылар бәсекелестік танытуда. Сарапшылардың болжамынша, алдағы онжылдықта бұл нарық көлемі 1 трлн доллардан асады.
Volkswagen литий батареяларын өндіретін компанияның 9,9% акциясын сатып алмақ
Reuters мәліметінше, Volkswagen канадалық литий өндіруші Patriot Battery Metals компаниясының 9,9% акциясын шамамен 69 млн канадалық долларға (48,18 млн АҚШ доллары) сатып алуды жоспарлап отыр. Компания әр акция үшін 4,42 канадалық доллар төлейді, бұл Patriot акцияларының алдыңғы жабылу бағасынан 66,8% жоғары. Бұл инвестиция Patriot компаниясын 625,8 млн канадалық долларға бағалайды.
Сонымен қатар Patriot Battery Metals Volkswagen-нің аккумулятор өндіретін PowerCo SE компаниясымен жылына 100 000 тонна сподумен концентратын он жыл бойы жеткізу туралы келісімге қол қойды. Сподумен концентраты электрмобильдерге арналған литий батареяларын өндіруде маңызды шикізат болып саналады.
Сауда сессиясының нәтижесінде Volkswagen акциялары 1,13%-ға өсті. Дегенмен, 2021 жылдың наурызындағы ең жоғары көрсеткіштен бері акция құны айтарлықтай төмендеді.