Қазақстандықтардың басым бөлігі ішкі әуе рейстерінің билеттеріне 15 мың теңге төлеуге дайын. Ал 15-20 мың теңгелік билеттерді қалтасы көтеретіндердің қатары 3,4%-ды құрайды. Тек 11,2%-ы билетке 30 мың теңгеден жоғары шығын шығаруға қарсы емес.
Freedom Finance Global компаниясы Қазақстандағы әуе қатынасы нарығына қатысты зерттеу жүргізген. Сауалнамаға халық саны 50 мыңнан асатын қалалардың 18-ден 55 жасқа дейінгі 3 мың тұрғыны қатысқан.
Шетелге ұшу үшін қазақстандықтардың 28,4%-ы 50-100 мың теңге аралығында шығындануға дайын. Ал төрттен бір бөлігі билет құны 100 –250 мың теңге болғанын орынды санайды, тек 16,7%-ы 250 мың теңгеден артық төлеуге қарсы емес.
Қазақстандықтар қай елдерге жиі ұшады?
Қазақстандықтар көбіне ТМД елдері (54,5%) мен Таяу Шығысқа (42,2%) ұшады. Азия мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне сапарлайтындардың үлесі – 16,8%, ал Еуропалық Одақ елдеріне қатынайтындардың қатары бар болғаны 10,4%-ды құрайды.
Қазастандықтар негізінен Ресей (41,5%), Түркия (32,6%), БАӘ (12,2%), Өзбекстан (9,8%) және Мысыр (8%) еліне саяхаттайды. ТМД елдері арасында қазақстандықтар Ресейге (41,5%) көбірек сапарлайды. Таяу Шығыс елдері арасында Түркия көш бастап тұрса (32,6%), Оңтүстік-Шығыс Азияда Таиланд (6,4%) пен Қытайға (5,8%) саяхаттайтындардың үлесі басым. Ал Еуропада қазақстандықтар ең жиі баратын ел – Германия (4%)
Қандай мәселемен бетпе-бет келеді?
Қазақстан мен шетелге ұшатындардың басты мәселесі – рейстердің кешігуі мен кейінге қалдыруы. Одан кейін әуежайлардағы ұзын-сонар кезек пен әуе билеттері қымбат екенін айтқан.
Респонденттер басқа таңдау болса, Scat, FlyArystan, AirAstana және QazaqAir әуе компанияларының қызметінен бас тартуға дайын.
Freedom Finance Global талдаушысы Аңсар Абуевтың айтуынша, осы саладағы субсидия мен лоукост-модельдерді енгізу билет құнын төмендетіп, әуе қатынасы нарығындағы сенімділікті арттыруы мүмкін.