Банк пен қаржы

Қатарлық инвестор Bereke Bank директорлар кеңесінің кұрамын өзгертті

Bereke Bank
Фото: Bereke Bank

Биыл күзде қатарлық Lesha Bank-ке сатылған Bereke Bank-тің директорлар кеңесінің құрамы өзгерді. Қаржы ұйымының жалғыз акционерінің шешімімен кеңес құрамына Нассер Абдулла С М әл-Шариф, Дэвид Марк Браун, Качмарек Пётр Януш, Андрей Тимченко енді.

Директорлар кеңесінің төрағасы болған Нассер Абдулла С М әл-Шариф бұған дейін Qatar Islamic Bank-тің басқарма құрамында ішкі аудит, комплаенс және тәуекелдер комитетін басқарған.

Банктің директорлар кеңесінің құрамынан Мағжан Мадиев пен Мақсат Нұриденұлы мерзімінен бұрын шығарылып, олардың орнына Дэвид Марк Браун (тәуелсіз директор) және Качмарек Пётр Януш (тәуелсіз директор) кірді.

«Lesha Bank LLC (Public) акционері 2024 жылдың 12 желтоқсанындағы шешімімен қазіргі құрамның өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылып, «Bereke Bank» АҚ-ның жаңа директорлар кеңесі сайланды», – делінген банк баспасөз хабарламасында.

«Сбербанктің» Қазақстандағы еншілес ұйымы 2022 жылдың наурыз айында АҚШ санкцияларына іліккен. Ал 2022 жылдың қыркүйегінде Ресей Сбербанкі еншілес ұйымын «Байтерек» ұлттық холдингіне сатты.

Осы мәміледен кейін қаржы ұйымы атауын Bereke Bank деп өзгертті. OFAC 2023 жылдың наурызында Bereke Bank-ті санция салынған тұлғалар тізімінен (SDN) және салалық санкциялар тізімінен (SSI) алып тастады.

Биыл қазанда «Бәйтерек» холдингі қаржы ұйымын қатарлық инвестор Lesha Bank LLC-ге сатты. Lesha Bank активтері 1 қазанда 2,09 млрд долларды құрады.