«Ұлттық қорға қатысты нақты ереже жоқ»: экономист жаңа Бюджет кодексін сынға алды
2024 жылғы 4 желтоқсанда жаңа Бюджет кодексі Мәжілісте қабылданып, Сенатқа қарауға жіберілді. Алайда Halyk Finance басқарма төрағасы Мұрат Темірханов бұл құжатта бюджет тәртібі мен экономиканы ынталандыру балансы сақталмаған деп тұжырымдайды. Оның айтуынша, жаңа заңда Ұлттық қор қаржысын пайдалану тәртібі нақтыланбаған. Сарапшы Бюджет кодексінде Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттермен қатар, нысаналы трансфет көлемі де нақты жазылуы шарт деген пікірде.
Сарапшының пайымдауынша, бұл құжатта бюджет саясатына қатысты бірқатар өзгерістер болғанымен, Халықаралық валюта қоры, Дүниежүзілік банк және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы сынды беделді халықаралық ұйымдардың маңызды ұсыныстары енгізілмеген.
Одан бөлек, шілдеде бекітілген «Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарындағы» бірқатар маңызды ережелер жаңа кодексте ескерілмеген. Мысалы, Ұлттық қордан бюджетке бағытталатын мақсатты трансферттерді шектеу мәселесі құжатта қамтылмаған.
«Әлемдік тәжірибеге сәйкес, Ұлттық қордан алынатын бүкіл трансферттерге арналған бірыңғай ереже оның контрциклді қолданылуының басты шарты болу керек. Егер заңға нысаналы трансфеттер көлемі нақты жазылмаса, кепілдендірілген трансферттердің мөлшеріне қойылған қазіргі шектеулерде еш пайда жоқ», – деп атап өтті ол.
Контрциклді бюджет ережесі ескерілмеген
Контрциклдік бюджет ережелері Қазақстан сияқты мұнайға тәуелді елдерде экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Мұнай бағасы жоғары болғанда, мұнай долларлары Ұлттық қорға жинақталып, экономикадағы артық қаржы қорда сақталады. Ал мұнай бағасы төмендеген жағдайда, Ұлттық қордың қаражаты бюджет шығынын жабуған бағытталады. Бұл әдіс ұлттық валютаның тұрақтылығын сақтап, инфляция мен пайыздық мөлшерлемелерді реттеуге мүмкіндік береді.
Дегенмен соңғы жылдары Қазақстанда контрциклдік саясаттың орнына, проциклдік саясат қолданылып келеді. 2022 жылдан бері мұнай бағасы жоғары болғанына қарамастан, Ұлттық қорға түсімдер азайып, шығын көбейіп отыр. Темірхановтың пайымдауынша, бұл бюджет теңсіздігін арттырып және мұнай бағасы күрт төмендеген жағдайда экономикалық дағдарыс қаупін төндіреді.
Экономистің айтуынша, Жаңа кодексте контрциклдік ережелер толық қамтылмаған. Ұлттық қордан мақсатты трансферттерді шектеу ережесі енгізілмегендіктен, бұл мемлекеттік қаржыны тиімді басқаруға кедергі келтіреді. Сонымен қатар, Ұлттық қор қаражатын бюджеттен тыс пайдалану мүмкіндігі сақталып қалған. Ал Ұлттық қор қаражатының бюджеттен тыс пайдаланылуы экономиканы басқарудағы ашықтық пен жауапкершілікті төмендетеді.
Ұлттық қордан қанша қаржы алынбақ?
Республикалық бюджетке қатысты заңда 2025 жылы Ұлттық қордан 2 трлн теңге алу қарастырылған. Биыл да оның көлемі 2 тлрн теңге болады. Алайда Ұлттық қордан алынатын нысаналы трансфеттердің көлемі шектелмегендіктен, Үкімет бюджет шығынын жабуға қордан қосымша қаржы алды. Нәтижесінде нысаналы трансферт ретінде алыған қаржы көлемі 2024 жылы 3,6 трнл теңгеден асты. Енді экономист жаңа кодексте Ұлттық қордан алынатын нысаланы трансферт көлемі де заңмен шектелуі керек деп тұжырымдайды.