Lifestyle

BYD көлік бренді жаһандық гуманоидты роботтар нарығын бағындырмақ

BYD көлік бренді қазіргі кезде әлемге таныс / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Танымал қытайлық көлік бренді BYD ресми түрде гуманоидты робототехника нарығына кіретінін мәлімдеді. Бұл бағытта компания Embodied Intelligence зерттеу тобын құрған. Енді оған үздік мамандарды жинау бойынша жаһандық науқан бастады.

Науқан әлемнің жетекші университеттеріндегі 2025 жылғы магистратура мен докторантура түлектеріне бағытталған. BYD адам тәрізді және екі аяқты робототехникадағы алдыңғы қатарлы зерттеулерге назар аудара отырып, алгоритм инженерлері, жоғары санаттағы конструкторлық инженерлер және модельдеу инженерлері сияқты лауазымдарды ұсынады.

BYD зерттеу тобы роботтық жүйелерді жасап, олардың мүмкіндіктерін кеңейуге ниетті. Топ қазірдің өзінде әртүрлі озық робот өнімдерін, соның ішінде өнеркәсіптік, бірлескен, мобильді және адам тәрізді роботтарды әзірлеп жатыр. Компания өнеркәсіптік жүйелерде жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолданады.

Өткен айда компанияның он миллионыншы жаңа энергетикалық көлігінің (NEV) шығарылуын атап өткен болатын. Бұған қоса автоконцерн 30 жылдығын мерекеледі.  Жиын барысында BYD төрағасы мен президенті AI-мен жұмыс істейтін инновацияға 13,73 млрд доллар инвестициялауды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

BYD компаниясының Ubtech Robotics-ке салған инвестициясы Ubtech-тің өнеркәсіптік гуманоидты роботы Walker S1-ді жасап шығуға ықпал етті. Қазір ол өндіріс орындарындағы жұмысты жеңлдету үшін қолданылады. Биіктігі 1,72 метр және салмағы 76 келі болатын Walker S1 автономды логистикалық көліктермен және автоматтандырылған жүйелермен бірге жұмыс істейді. Робот 15 келіге дейін жүкті көтере алады.

Ubtech адам тәрізді робот жасайтын компания бірнеше автоөндірушімен серіктестікті бастады. Оның ішінде, Dongfeng Liuzhou Motor, Geely, FAW Hongqi және Audi FAW бар. Бұл компаниял 500-ден астам роботқа алдын ала тапсырыс берген. Walker S-ді автомобиль зауыттарындағы ең жақсы беймделген гуманоидты робот болып есептеледі. Оның міндеттеріне сапаны тексеру және таңбалау кіреді.

Автомобиль өнеркәсібінен басқа, Ubtech өндірісте роботтарын қолдануды кеңейту үшін Foxconn және SF Express компанияларымен ынтымақтастықты бастады. Еске сала кетсек, BYD компаниясы қазіргі кезде әлемге автокөліктерімен таныс. Оның ішінде электромобиль мен гибрид авто шығару бойынша көшбасшы. Жуырда бренд Қазақстан нарығына келмек.