«Қазақмыс» корпорациясы Сәтбаев қаласында екі күн қатарынан ереуілге шыққан кеншілердің талабын орындаудың неліктен мүмкін болмай отырғанын түсіндірді.
Компания баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Нұрахмет Нуриев жалақының неліктен күрт өспейтінін түсіндіру үшін бригадирлермен кездескен.
«Нуриев жалақының күрт әрі негізсіз ұлғаюы түптің түбінде компанияның бірқатар кеніштерінің бәсекеге қабілеттілігін жойып, консервациялануынаәкелетініне, салдарынан жұмыс орындарының жабылуына әкеліп соқтыратынны атап өтті», – делінген хабарламада.
Кездесуге Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Шайжанов пен Сәтбаев қаласының әкімі Мұрат Бөрібаев та келген. Кездесу аясында 13-жалақыға 30% үстемақы қосу талабы қанағаттандырылған.
Бұдан бөлек, жалақыны көтерудің екі нұсқасы ұсынылған. Алғашқы нұсқа жалақы мөлшерін қосымша 8,5% ұлғайтып, жылдық жоспарда 4 рет 50 АЕК мөлшерінде сыйақы тағайындау. Екінші ұсынылған жоспар жалақыны 15,6%-ға индекстеу.
Ақпаратқа сүйенсек, ереуілге шыққан кеншілермен компания арасындағы келіссөздер әлі де жалғасып жатыр.
Сәтбаевтағы кеншілер ереуілі 17 желтоқсан кешке басталып, әлі де жалғасып жатыр. Олар еңбек жағдайын жақсартып, жалақыны көтеру туралы талап қойған.
«Қазақмыс» корпорациясы Қазақстанда мыс өндіретін ірі компания. Кәсіпорынның негізгі иелері қазақстандық миллиардерлер Владимир Ким мен Эдуард Огай. «Kazakhmys Copper» АҚ арқылы Ким «Қазақмыстың» 69,37%-на, ал Огай 29,73% үлесіне иелік етеді.