2022 жылдан бастап Қазақстанда қамауда отырған саяси белсенділерге мерзімді басылымдарды жеткізу мүмкіндігі қиындай бастаған. Бұл туралы Алматыда өткен баспасөз мәслихатында «Ар. Рух. Хақ» қоғамдық қорының өкілі Бақытжан Төреғожина айтты.
«2011 жылдан бері қамауда отырған азаматтарға «Жас Алаш», «Дат» және «Новая газета» басылымдарын жіберіп отыратын едік. 2022 жылға дейін қамаудағы азаматтар ресми шығатын басылымдарды емін-еркін алатын, 2022 жылдан бастап газет алу мүмкіндігі жойылды. Бұл органдардың тікелей цензурасы болып отыр», – деді құқық қорғаушы.
Оның айтуынша, қамаудағы саяси белсенділермен хат алмасу мүмкіндігі де қиындай түскен. Мәселен, Марат Жыланбаевқа түрмеге жазған хаттармен, оның бостандықтағы азаматтарға жазған хаттары адресатқа жетпеген.
Баспасөз мәслихаты кезінде қамауда отырған саяси белсенді, белгілі марафоншы Марат Жыланбаевтың жағдайы сөз болды. Адвокат Мейіржан Досқараевтың айтуынша, марафоншы 13 қарашадан бері аштық жариялап, әлі күнге дейін жалғастырып келеді. Ол түрмеде өз жақындарына хабарласу үшін Skype жүйесін қолдануды қалаған. Алайда мекеме басшылығы қосымшаны жүктеу мүмкіндігі болмай отырғанын айтып, белсендіні жақындарымен видео қоңырау шалу құқығынан айырған.
Бұған қоса, баспасөз мәслихатында қамауда отырған журналист Думан Мұхамедкәрімнің жағдайы да талқыға салынды. Оның адвокаты Ғалым Нұрпейісовтің сөзінше, жеті жылға сотталып, Алматы облысындағы Заречный түрмесіне жабылуы керек болған. Алайда әлі күнге түрмеге жеткізілмеген.
«Думан қазір Талдықорғандағы тергеу изоляторында отыр. Ол өзін түрмеге жіберсін деген талап қойып, бірнеше рет тамырын кесті. Алайда әлі күнге дейін оны Заречныйдағы түрмеге жібермей отыр», – деді адвокат.
KursivMedia Марат Жыланбаев пен Думан Мұхамедкәрімнің қамаудағы жағдайы туралы тиісті органдарға сауал жолдады.
Марат Жыланбаев – Қазақстанда тыйым салынған «ҚДТ» (Қазақстанның демократиялық таңдауы) ұйымының жұмысына араласты және экстремизмге қатысы бар деген айыппен 7 жылға сотталған. Думан Мұхамедкәрім – қаржылық экстремизм және Қазақстанда тыйым салынған ұйымның жұмысына араласты деген айыппен 7 жылға сотталған. Екеуінде Халықаралық адам құқықтары жөніндегі ұйым «саяси тұтқын» деп таныған.