Әлеуметтік желілердегі үздіксіз контентті қарау адамның кейбір қабілеттерін жоғалтуына алып келуі мүмкін. Бұл туралы Fox News хабарлайды.
Нейробиолог Кайра Бобинеттің айтуынша, адамның миында хабенула деп аталатын бөлік бар, ол мотивация мен шешім қабылдауға жауап береді. Егер адам маңызды нәрсемен айналысуы керек болса, хабенула адамның белгілі бір іспен айналысудың орнына, ұзақ уақыт бойы әлеуметтік желілерді парақтауға итермелейді.
«Сіз бірдеңеден қашқақтаған сайын, миыңыздың дәл осы бөлігі жұмыс істей бастайды», – деп түсіндіреді маман.
Егер адам телефонын қойғысы келсе де, хабенула бұл процесті қиындатып, пайдаланушыны тоқтамауға мәжбүр етеді. Нәтижесінде, әлеуметтік желілерге тәуелділік пайда болып, адамның құлшынысы жоғалуы мүмкін.
Доктор Дон Гранттың айтуынша, адамдар, соның ішінде балалар, әлеуметтік желілерде күніне сегіз сағатқа дейін уақыт жұмсайды. Бірақ сол уақытта көрген контенттің мазмұнын есіне түсіре алмайды. Бұл жылдам контент жады мен зейіннің төмендеуіне әкеледі.
Мұндай жағдайдан сақтану үшін Грант көбірек жақындармен сөйлесуге, таза ауада серуендеуге және интернетте өткізген уақыттың тек 20%-ын ойын-сауық контентіне арнауға кеңес береді.
Айта кету керек, «мидың шіруі» термині 2024 жылдың сөзі болып танылды. Аталған термин интеллектуалдық белсенділіктің төмендеуін сипаттайды. Әсіресе, бұл интернетте немесе әлеуметтік желілерде сапасыз, мағынасыз контентті шамадан тыс тұтынумен байланыстырылады.